Облыстық мәслихаттың VII шақырылымының алғашқы сессиясы өтті
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен облыстық мәслихаттың VII шақырылымының алғашқы сессиясы өтті.
Отырысты 7 мәселе қаралды. Атап айтсақ, облыстық мәслихаттың 1 сессиясының төрағасын, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысын сайлау, облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларын құру және олардың тізбесі мен сандық құрамын белгілеу, тұрақты комиссияларының құрамын және төрағаларын сайлау, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясын тіркеу мен кезекті сессияның төрағасын сайлау мәселелері.
Жиында сөз алған аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәслихаттың жұмысымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Баршаңызды сайлау нәтижесімен облыстық мәлихаттың депутаты болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденцияның қалыптасуы мәслихаттың жұмысымен де тікелей байланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Биыл елімізде мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізілді. Бұл жаңа бастама партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайтуға үлкен мүмкіндіктер береді, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 10 қаңтарында дауыс беру қорытындысымен Қызылорда облысы республика бойынша екінші көрсеткішті иеленіп, сайлаушылардың 73,9 пайызы сайлауға белсенді қатысты.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр жұртшылығына сайлау науқаның заңнамасына сәйкес жоғары деңгейде жауапкершілікпен үлес қосқаны үшін Үкіметтік жеделхат жолдады
Сайлау қорытындысымен заңда көрсетілген 7 пайыздық межені еңсерген үш саяси партия Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне мандаттарын алды.
Оның ішінде, «Nur Otan» партиясы ұсынған тізімге 5 жерлесіміз еніп, Мәжіліс депутаты болып сайланды. Атап айтсақ, тізімде Балаим Кесебаева, Ғалым Әмреев, Бахытбек Смағұл, Геннадий Шиповских, Марат Құсайынов бар.
Жалпы сайлау қорытындылары бойынша біздің облыста барлық партия өкілдері мәслихаттарда мандат иеленді. Нақты айтсақ, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына 152 мандат берілсе, оның 126 мандатын «Nur Otan» партиясы, 15 мандатын «Ауыл» партиясы, 4 мандатын Қазақстан Халықтық партиясы, 5 мандатын «Ақ жол» партиясы және 2 мандатын «Адал» партиясы иеленді.
Облыстық мәслихаттың жаңа депутаттық құрамы VI шақырылымның 12 депутаты және жаңадан сайланған 21 депутатпен жасақталды. Оның ішінде, 8 әйел, 4 белсенді жас бар. Жаңа құрамға депутаттық куәліктер табысталды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық мәслихатының 1-сессиясының төрағасы болып Қылышбай Бисенов сайланды.
Сондай-ақ, ашық дауыс беру арқылы облыстық мәслихат хатшысы қызметіне Наурызбай Байқадамов сайланды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша 4 тұрақты комиссияларды құру және әр комиссияның сандық құрамын 8 депутаттан етіп белгілеу жөнінде шешім қабылданды. Атап айтсақ, Экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Талғат Жақыпбаев, әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Гүлнәр Есқалиева, өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Бағдаулет Мақашов және кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Мақсұт Нәлібаев сайланды.
Отырыста облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы тіркелді. Ал, кезекті сессияның төрағасы орнына Нұриддин Әмитов ұсынылып, қолдау тапты.
Сонымен қатар жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бағдарламасы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай «2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысын дамыту бағдарламасын» таныстырып, депутаттардың қолдауымен бекітілді.
Облыс әкімі жаңа Бағдарламаның әлеуметтік экономикалық дамуына зор ықпал ететінін атап өтті.
Бүгінгі сессияда облыстық мәслихаттың хатшысы және төрт тұрақты комиссия төрағасы сайланып, олардың құрамы анықталды. Бүгін өздеріңіздің алдарыңызға «2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысын дамыту бағдарламасы» әзірленіп, ұсынылды. Бағдарламада алдағы 5 жылдықта өңірде бірінші кезекте шешуді қажет ететін негізгі проблемалық мәселелер қамтылды. Сондай-ақ, халық тарапынан көтерілген өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Аймақта өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы өңір экономикасын әртараптандыру бойынша нақты шаралар қабылдануда. Бұл бағытта облыс бойынша ірі 15-тен астам инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, Бағдарламаға сәйкес жергілікті маңызы бар 578,9 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөңдеу жұмыстары, 12 көпірге күрделі жөңдеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін алдағы 5 жылда 3 млн. 782 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, шамамен 6458 пәтер және 27 856 жеке тұрғын үй, құрылыс салу аудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және жайластыру, тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тарту жұмыстары жүргізіледі.
Еске салайық, биылғы жылы жалпы ауданы 644,7 мың шаршы метрді құрайтын, барлығы 5 607 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда.
Мұнымен қоса, ауылдық елді мекендерді газбен толық қамтамасыз ету үшін облыстың 17 елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде, 2021-2022 жылдары 11 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі. Ал, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында 87 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарда бар.
Бұдан бөлек, өткен жылы облыстың 2023 жылға дейінгі «Экономикалық картасы» бекітілді. Ол экономиканың түрлі салаларында 271 млрд. теңгеге 265 жобаны іске асыруды көздейді.
kyzylorda-news.kz