Мәслихат депутаттары біліктілігін арттырады
Мәслихат депутаттары біліктілігін арттырудан өтеді. Мұндай норма бүгін Парламен Мәжілісінің жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау кезінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
«Енді мәслихат депутаттары тиісті бюджет қаржысы есебінен қайта даярлықтан өтуге және біліктілігін арттыруға құқылы болады. Өкілетті органның мәліметінше, бұл мақсаттарға 647 млн теңгеге тарта қаржы бөлінеді. Сонымен бірге, заң жобасында аталған норманы қалай іске асыру тетігі ескерілмеген. Осы орайда бұл қадамдарды кімдер, қалай және қандай форматта жүзеге асырады?», – деді депутат Айгүл Нұркина
Бұл ретте депутат аталған норма тәжірибе жүзінде қалай жүргізілетінін сұрады.
ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, оқыту бес жылда бір рет, яғни бастапқы екі жылда қамтылады. Бұл тұрғыда біліктілікті арттыру мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында болады, сондай-ақ 40 академиялық сағат ескеріледі.
Атап айтқанда, заң жобасында мәслихат пен оның депутаттарының мәртебесін арттыру бойынша бірқатар түзетулер қарастырылған. Мәслихат сессиясы төрағасының қызметін таратып, оның өкілеттігін мәслихат хатшысына беру ұсынылады. Бұл заң жобасы өңірлердің дербестігі мен жауапкершілік деңгейін арттыруға және жергілікті маңызы бар мәселелерді неғұрлым жедел шешу үшін бюджеттік рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.
kazinform.kz