Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

Гүлшара Әбдіқалықова Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

Бүгін Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті.
Аймақ басшысы ерлік пен елдік сынға түскен сәтте Отан алдындағы әскери антына адалдық танытқан азаматтардың ішінде Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің орны ерекше екенін айтып, ардагерлерге құрметін жеткізді.

«Еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін бір¬қатар қиындықтарды бастан кешірді. Ауған соғысы да қаралы даталардың бірі. Он жылға ұласқан сұрапыл соғысқа «Бірінші міндетім – Отанды қорғау» деп түсінетін, патриот азаматтарымыз аттанған болатын. Сондықтан соғыс кезінде шейіт болған бауырларымыздың бәрін қаһарман деп айтуымызға негіз бар.
Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені бұл соғыста 18-19 жасар өрімдей жас жігіттер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды. Олар мәңгілік біздің жүрегімізде. Өткеніміз ұмытылмайды. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат»,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесу барысында өңір басшысы ғибратты ғұмыр иелеріне лайықты құрмет көрсету басты парыз екенін атап өтіп, ел намысын қорғаған жауынгер-интернационалистердің ерлігін ұлықтап, жастардың бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына қосқан үлестері үшін бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.

Басқосуда «Ерлік» үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрғасы Қайраддин Баймаханов, «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Жаров сөз алып, Ауған соғысының тарих қатпарында ерекше оқиға ретінде сақталатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, кездесуге шақырып, құрмет білдіріп, ілтипат танытқан облыс әкіміне алғысын жеткізді.

Кездесу соңында облыс әкімі айтулы тарихи оқиға кезінде ерлігімен елге қызмет еткен ардагерлердің отбасына амандық, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледі.

Айта кетейік, Қызылорда облысынан Ауған соғысына 827 адам қатысып, олардың 18-і қаза тапты. 30 адам жарақат алып, мүгедектер қатарында.

kyzylorda-news.kz




15 ақпан 2021 ж. 637 0