Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Сыр өңіріндегі елді мекендерде болды

Аудан әкімі Сыр өңіріндегі елді мекендерде болды

Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Арал қаласындағы апатты жағдайда деп танылған №71 мектеп-интернатында болды. Білім беру нысаны ескіргендіктен жаңа мектеп ғимаратының құрылысын бастауға биылғы жылы тиісті қаржы бөлінген болатын. Аудан басшысы жаңа 100 орындық интернат және 200 орындық мектеп ғимараты құрылысының сызбасымен танысып шықты.
Қазіргі таңда құрылысты жүргізетін мердігер мекемені анықтау мақсатында облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс 2022 жылға өтпелі негізде жүзеге асырылады. Одан соң аудан әкімі биылғы жылы «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде моноқалаларды және өңірлерде іс-шараларды іске асыру» бағдарламасы аясында автожолы қайта жаңғыртудан өтетін Т. Палуан көшесінде болып, атқарылатын жұмыстарды көрді.
Атап өтейік, аталған бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Арал қаласындағы М. Сәдібеков көшесінің автожолы қайта жаңғыртудан, ал К. Дәрібаев, Әйтеке би, О. Жандосов тұйығы және Ж. Сайн, О. Жандосов көшелерінің автомобиль жолының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде.
Қаладағы нысандарды аралаған соң аудан әкімі Сыр өңіріндегі ауылдарға барды. Алдымен аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдық округтердің бірі Қаратерең елді мекенінде болды. Ауыл тұрғындарымен және ақсақалдармен кездесіп, өңірдегі өзекті деген мәселелерді талқылады.
Одан кейін «Құйылыс» қорғаныс бөгетіне барып, жағдайын көрді. Аталған қорғаныс бөгетіне бірнеше жыл бұрын жарық түсіп, су тоқтамай келеді. Бұл жергілікті тұрғындардың шаруашылығы үшін қиындық тудыруда. Қазіргі таңда бөгетке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық комиссияға өтінім тапсырылған. Бөгет қайта қалпына келтірілген жағдайда сол маңдағы «Жыланды» көлі, 6 мың шаршы шақырым аймақ пен «Шарша» шабындығы суландырылатын болады.
Аудан басшысының мұнан кейінгі аялдаған жері Аманөткел ауылдық округі болды. Бұл елді мекендегі «Мырзаш» өңірінде барып, жауапты мамандармен бірге Ақшатау мен Қамбаш көлдерін суландыруға байланысты мәселелерді талқылады. Бұл үшін «Жасұлан», «Қулы» каналдарына су тоспаларын салып, тазалаудың маңызы зор екендігін атап өтті.



Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
24 ақпан 2021 ж. 716 0