Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс көбейді, жұмыссыздық азайды

Құрылыс көбейді, жұмыссыздық азайды

Өткен жұмада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан екі колледждің жұмысымен танысты. Қажетті маман дайындап шығаруда маңызы зор оқу орындарында бүгінде қызу жұмыс жүріп жатыр.
Арал көпсалалы колледжінің оқу ғимараты 3 қабатты, 1980 жылы салынған. Оқу корпусының іргетасы біртұтас бетон, сыртқы, ішкі қабырғалары қыштан салынған. Ал колледждің жанындағы зертхана ғимараты 1975 жылы қамыс қаңқадан тұрғызылған.
Биыл аталған нысанды күрделі жөндеуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Қызылорда қаласының «Агроспецмонтаж» өндірістік кәсіпорны – мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі бойынша жеңімпаз болып танылды. Білім беру нысаны заман талабына сәйкес жаңғыртылып, білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасалмақ. Атап өту қажет, құрылыс жұмыстары барысында 125 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, бүгінгі күні 63 аудан тұрғыны еңбек етуде. Жоспарға сәйкес алдағы уақытта тұрғындарды жұмыспен қамту жалғаса бермек.
Күрделі жөндеуден өтетін екінші нысан – Арал индустриалдытехникалық колледжі. 1980 жылы аудандағы кеме жөндеу зауытының теңгерімінде асхана ретінде салынған ғимарат 2003 жылы колледж балансына алынып, оқу корпусы ретінде қайта жабдықталған. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі арқылы жеңімпаз ретінде танылған Қызылорда қаласының «Самат-Мұнай» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастап кетті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында бөлінген қаржы есебінен нысанның күрделі жөндеу жұмыстары барысында 60 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Екі бірдей білім нысанының жай-күйін бақылап өткен аудан басшысы жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлермен кездесу барысында жұмыстың сапалы атқарылуы басты назарда болатынын жеткізді. Сонымен қатар жұмысшыларды «Халықты жұмыспен қамту орталығы» арқылы алуды тапсырды.
Одан әрі аталған бағдарлама шеңберінде жай жөндеу жұмыстарына қаржысы қаралған Арал қаласындағы кеңес беру-диагностикалық емханасына барды. Қазіргі таңда аталған емханада жылыту қазандықтарын сұйық отыннан көгілдір отынға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан көлемінде жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүргізілуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының аясында 604 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл жұмыс көздері аталған бағдарлама бойынша бекітілген 16 жоба арқылы іске аспақ.
Биыл Арал қаласында бірқатар көше жөнделеді. Үлкен жобаға «Арал құрылысы» ЖШС мердігер болып анықталған. Қазіргі таңда мердігер мекеме аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы аталған жол жөндеу жұмыстарына 43 адамды жұмысқа қабылдап үлгеріпті.
Сондай-ақ №2 мөлтек ауданы аумағындағы 10 тұрғын үйдің құрылысы да қарқынды. Мұндағы әр үй 4 пәтерден, бір қабаттан тұрады. Яғни салынатын он үйде 40 пәтер болса, соның жартысы – екі бөлмелі, ал қалғаны үш бөлмелі пәтерлер. Тұрғын үйді тұрғызудағы басты мақсат – өз үйіне қол жеткізгісі келетін аудан тұрғындарының мәселесін шешу. Яғни аталған жобаның қаржысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісімшарт негізінде облыстық бюджет есебінен бөлінген. Жаңа баспанаға аталған банк арқылы кезекте тұрған салымшылар ғана қол жеткізе алады.
Айта кету керек, жаңа үйлерді салушы бас мердігерлер – жергілікті «Наурыз құрылыс» және «Арал су құрылысы» ЖШС. Қос мердігер кіріскен құрылыс жұмыстарына аудандық халықты жұмыспен қамту бөлімі арқылы 50- ге жуық аудан тұрғынын тартыпты. Тұрғын үйлерді уақытында бітіру жоспарлануда.
«Толқын» ақпарат
23 маусым 2020 ж. 824 0