Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі елді мекендерді аралады

Аудан әкімі елді мекендерді аралады

Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бірнеше ауылдық округтерді аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып шықты. Алдымен Сексеуіл кентінде болған аудан басшысы 300 орындық мектеп ғимаратын аралады. Кенттегі темір жолдың екінші жақ беткейінен бой көтерген білім беру нысанының маңызы зор. Себебі, сол маңдағы мектеп оқушылары бірнеше темір жол рельстерінен өтіп мектепке қатынайды. Осы мәселені шешу үшін тікелей Президент тапсырмасымен салынған мектеп ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Таяу күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар, кентте 40 төсектік аурухана ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Бірнеше жылға өтпелі негізде құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшыларымен кездескен аудан әкімі құрылыстың сапалы жасалып, уақытылы аяқталуын тапсырды.
Аудан әкімінің сапары одан әрі Қосаман ауылдық округінде жалғасты. Бұл ауылдық округте Арал - Сарбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің «Қосаман» бас су тоғанының № 1 су көтеру насос стансасының жұмысымен танысты. Насос стансасы Арал, Қазалы аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған бірден бір нысан. Өткен жылы толықтай күрделі жөндеуден өткізілген насос стансасы 20 ұңғымадан су өндіріп, екі ауданға жоғары қысыммен су айдайды.
Аталған ауылдық округке қарасты Ақеспе елді мекеніндегі №237 негізгі мектепке ат басын бұрып, білім беру нысанындағы оқу процесі мен ғимараттың жылу жағдайын және санитарлық талаптардың сақталуын тексеріп өтті.
Ақеспеде тұрғындар «Ыстық су» деп атап кеткен шипалы бұлақ орналасқан. 1200 метр тереңдіктен бұрғылау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде температурасы 62 градус болатын минералды судың бар екені анықталған. Ыстық судың құрамында адам денсаулығына пайдалы минералдар өте көп. Шипалы бұлақ суы буын, тері, жүйке жүйелерінің ауруларына таптырмас ем деседі.
Аталған ыстық су шығып жатқан аймақта болған аудан басшысы алдағы уақытта су бұрқақты ірі туристік аймаққа айналдыру мақсатында тиісті шаралар жүргізілетіндігін айтып өтті. Қазіргі таңда бұлақтың құрамын анықтау үшін зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі елді мекендерге жасаған сапарын Қарақұм ауылдық окургінен аяқтады. Ауыл ақсақалдарымен кездесіп, жергілікті жердегі тұрғындар мәселесін тыңдады.
Ауыл тұрғындарымен пікірлесу барысында биылғы жылы аудан орталығына дейінгі автокөлік жолының құрылысын аяқтау үшін облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.










Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
23 ақпан 2021 ж. 511 0