Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауһарлы жырдың тұлғалы перзенті Алмас Алматов 65 жаста

Жауһарлы жырдың тұлғалы перзенті Алмас Алматов 65 жаста

Ш. Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, Алмас Нұрмаханұлының 65 жасқа толу мерейтойына орай «Жауһарлы жырдың тұлғалы перзенті» атты кездесу өтті.
Кездесуде Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков талантты өнер қайраткерін арнайы құттықтап, сый-құрмет жасады.
Жиында сөз алған аудан басшысы «Сыр елі- жыр елі» деп танылған жердің дәстүрлі жыраулық өнерін дамытып, кейінге жеткізу жолындағы еңбегіңізді халқыңыз жоғары бағалайды. Өлкеміздегі ұлттық өнерді асқақтату жолында зор үлес қосып, ізіңізден ерген талантты шәкірттер тәрбиеледіңіз. Ел үшін еткен еңбегіңіз - ұрпаққа ұлағат, болашаққа сарқылмас байлық болып, әрқашанда мәртебеңіз биік, мерейіңіз үстем болсын!» – деп ізгі тілектестігін жеткізді.
Сонымен қатар мерейтой иесін Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы мен экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенов арнайы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Алтын дауысты жырау, профессор Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматовтың дәстүрлі жыр көшін жалғастырып жүрген шет елдерге, республикаға танымал шәкірттері «Құрмет» орденінің иегері, жырау-әнші Шолпан Бимбетова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері жырау Руслан Ахметов, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, жырау Майра Сәрсенбаева, Халықаралық байқаулардың жеңімпазы, жырау Серік Жақсығұлов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, жырау Күнсұлу Түрікпен, әнші Мұхамедәлі Бекпейісовтер жыршы термешілер терме-толғауларын орындады.
Тағылымы мол өткен кездесуде арнайы сахна төріне шыққан жырау ұстаз Алмас Нұрмаханұлы жыр кешін қорытындылап, жырдан шашу шашты.








Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі 
13 наурыз 2021 ж. 707 0