Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша штаб отырысы болып өтті

Коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша штаб отырысы болып өтті

Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының алдын алу жұмыстары бойынша құрылған штаб отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз қозғаған аудан әкімі әлемді жайлаған індеттті жұқтыру дерегі ауданымызда әліде тыйылмай отырғандығын атап өтіп, алдын алу шараларын күшейту керектігін жеткізді.
Атап өту керек, жыл басынан бүгінге дейін індетті жұқтырғандар саны аудан бойынша 22 адамға жетіп отыр. Қазіргі таңда олардың 11-і жазылып шықса, 3 адам провизорлық орталыққа орналастырылған, 8-і үй карантинінде. Сонымен қатар науқастармен байланыста болған 302 адам да үй карантинінде бақылануда.
Жиын барысында аудандық аурухананың бас дәрігері провизорлық орталықта емделушілердің жағдайы мен вирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстарының барысын баяндап өтті.
Аудан басшысы ауданда карантиндік шараларды қатаң сақтауды, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуын қадағалап, үнемі бақылауда ұстап отыруды және қамтамасыз етуді қатаң ескертті. Сонымен бірге, ауданда құрылған мобильді топ құрамымен мекемелерді, кәсіпкерлік нысандарды, сауда үйлерін аралап, түсіндірме жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Айта кетейік, осы кезге дейін мониторингтік топпен карантин талаптарын сақтамағаны үшін 19 айыппұл салынған.
Жиын соңында аудан әкімі вирустың қайта бас көтеру қауіпі басым екенін айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеді.

"Толқын" вқпарат 
03 сәуір 2021 ж. 453 0