Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Штаб отырысы: Талапты сақтау – денсаулық кепілі

Штаб отырысы: Талапты сақтау – денсаулық кепілі

Коронавирус індетімен күресу өзектілігін жоймай отыр. Әркез күн тәртібінде тұруына басты себеп ауру жұқтырғандар санының артуы. Сырқат белгілері анықталған күннен бастап жаһан жұртшылығын әбігерге салған коронавирус инфекциясының әлі де көптеген мемлекетте таралу көрсеткіші жоғары деңгейге жетіп, қауіптілігі күннен-күнге арта түсуде.
Бұл ретте республика көлемінде сырқат жұқтырғандардың да қатары өскенін айта кеткен жөн. Бір тәулікте 2500-ден аса адам тіркелген жағдай да орын алды. Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар саны азаяр емес. Осы себепті Қызылорда облысы "жасыл" аймақтан "сары" аймаққа ауыстырылды.
Осыған орай аптаның бейсенбісі күні аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының алдын алу жұмыстары бойынша кеңейтілген штаб отырысы өтті.
Коронавирус инфекциясының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен аудан көлемінде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал туралы кеңінен талқыланған жиында аудан басшысы:
– Әлі де болса тұрғындар арасында сақтық шараларының қатаң сақталмауы, індеттің күрт таралуына әкеліп соқтыруда. Соның ішінде той-томалаққа жиналғандардың қарасы көбейіп, тәртіп бұзушылық фактісі толастамауда. Сондықтан біз барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстарды одан әрі жандандырып, індеттің таралуының алдын алу мен сақтанудың жолдары туралы түсіндірме жұмыстарын күшейтуіміз қажет, – деп, барлық сала басшыларын санитарлық талаптарды қатаң сақтау бағытында жұмыла жұмыс жасауға шақырды.
Штаб отырысында баяндама жасаған ауданның Бас санитариялық дәрігері Ақзия Сатекеева:
– Атап өту қажет, жыл басынан бүгінге дейін Арал ауданында коронавирус инфекциясымен 32 жағдай тіркелген. Қазіргі таңда провизорлық стационарда 3 науқас ем алып жатса, үй карантинінде 14 адам жіті бақылауда. Жалпы, жазылып шыққандар саны 14 адамды құрап отыр. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірнеше есеге артып, жағдайдың күрделенгендігін аңғартады, – деп хабарлады.
Індетке шалдыққандар және науқастармен байланыста болған аудан тұрғындарының жай-күйін саралап өткен Ақзия Сатекеева әрбір аудан тұрғыны өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, карантин талаптарын, сақтық шараларын қатаң ұстау керектігін жеткізді.
Жиында арнайы құрылған мобильді топтың жұмысы барысында анықталған заң бұзушылықтар айтылды. Талапты сақтамаған 15 кәсіпкерге айыппұл салынса, мұнан бөлек, жеке тұрғын үй жағдайында ескертпелерге қайшы қылық көрсеткен тұрғындар да бар екені белгілі болды. Әсіресе осындай қауіпті кезеңде жауапкершілікке салғырт қарағандар тарапынан той жасау фактісі жиі тіркеледі.
Осыған байланысты аудан басшысы мобильді топ жұмысына көңіл толмайтынын айтып, әлі де күшейту қажеттігін баса тапсырды. Сондай-ақ адам көп жиналатын және халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын мекемелерге, кәсіпкерлік нысандарға карантин талаптарына бей-жай қарамау қажеттігін білдірді. Ақпараттандыру саласына да бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Індеттің алдын алудың ең тиімді жолы вакцина салдыру екеніне тоқталып, әркім өзі мен жақындарының денсаулығы үшін вакцина алуы керектегін жеткізді. Бұл қалыпты өмірге ерте оралудың ең оңай жолы. Сондықтан осы жауапкершілікті де әрбіріміз сезінуіміз қажет.

"Толқын" ақпарат
10 сәуір 2021 ж. 446 0