Арал аудандық газ мекемесі жаңа ғимаратқа көшті

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Ербол Талекенов жаңа мекен-жайда орын тепкен заманауи үлгідегі нысанға бас сұғып, мекеменің жағдайымен танысты. Мекеме жұмысының жай-күйін бағамдап қайтқан аудан әкімінің орынбасары жаңа нысанда барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталуы қажет екендігін ескертіп, арнайы антисептикалық дозатордың болуын міндеттеді.
Айта кету керек, газ тұтынушылары мен таратушылардың талабына сай жабдықталған нысанның ашылуына халыққа қызмет көрсету бағытындағы нысандардың бой көтеруіне үлес қосып келе жатқан жергілікті кәсіпкер Жұбаныш Аманжолов түрткі болып отыр.
Жаңа ғимаратта арнайы газ пайдаланушылар үшін қолма-қол әрі терминал құрылғылары арқылы төлем жасау және есеп айырысу залы қарастырылған. Сонымен қатар мекеме қызметкерлеріне жасақталған жұмыс кабинеттері қажетті жиһаздармен де толықтай қамтылған.
Қазіргі таңда Арал қаласы бойынша 6356 тұрғын үй, 210 кәсіпкерлік, 23 әлеуметтік нысан және ауданға қарасты Жақсықылыш кентінде 528 тұрғын үй көгілдір отынның игілігін көруде.


