Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан басшысы Тоқабай елді мекенінде болды

Аудан басшысы Тоқабай елді мекенінде болды

Аудан әкімі С.Сермағамбетовтың ауданға қарасты өңірлерге жоспарлаған жұмыс сапары Жіңішкеқұм ауылдық округінің орталығы Тоқабай елді мекенінде жалғасты.
Бірінші кезекте ауылдың ардагерлерімен жүздескен аудан әкімі жұмысын аудандағы өзекті деген мәселелермен танысудан бастап жатқандығын жеткізіп, осы бағытта жергілікті жердегі түйінді деген мәселелерді жекелей талқылап өтті.
Жергілікті тұрғындарды толғандырып тұрған басты мәселе ауыл мектебінің жағдайы. Соған сәйкес аудан әкімі ауылдағы №248 орта мектебінің ғимаратын арнайы аралап көріп, жөндеуді қажет ететін нысанның жай-жапсарына қанықты. Алдағы уақытта аталмыш мәселе басты назарында болатындығын жеткізген аудан басшысы тиісті жұмыстарды қолға алу бағытында жауапты сала басшыларына тапсырма берді.
Одан әрі аудандық №20 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің Тоқабай ауылындағы бокс бөлімшесіне табан тіреп, ауыл жастарын спортқа баулуда тер төгіп жүрген жаттықтырушы, бокс бапкері Нағашыбай Сариевпен және жаттығу залындағы жасөспірімдермен кездесті. Атап өту қажет, 7 жылдан бері жұмыс жасап тұрған бокс бөлімшесінің тәрбиеленушілері республикалық турнирлерде жеңімпаз атанып, 7 бала «спорт шеберлігіне кандидат» нормативін орындап шыққан. Биыл аудан бюджеті есебінен бөлінген 11 млн 800 теңгеге көне спорт ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Сапар аясында ауылда жаңадан салуды қажет ететін ауылдық клуб мәселесі де назарынан тыс қалмады. Ауылдық клуб ғимаратына икемделген нысан 1984 жылы салынған. Бүгінде аудан тарапынан жағдайы сын көтермей тұрған нысанның экономикалық техникалық негіздемесі жасалып, жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу бағытында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына арнайы бюджеттік өтінімдер ұсынылып отыр.
Бүгінде аталған елді мекенде облыстық бюджет есебінен 2018 жылы бастау алған аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» (15-98,4 шқ аралығы) автомобиль жолын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстардың да барысын бағамдап қайтқан аудан әкімі көзбен көріп, көңілге түйген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытында жұмыстар жасалатындығын жеткізді.





Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
02 маусым 2021 ж. 750 0