Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі тоғыз жылдың торабындағы Сексеуіл кентінде болды

Аудан әкімі тоғыз жылдың торабындағы Сексеуіл кентінде болды

Аудан әкімі Серік Сағитжанұлының жұмыс сапары ауданға қарасты ең ірі елді мекен саналатын Сексеуіл кентінде жалғасты.

Тоғыз жолдың торабында орын тепкен кентке табан тіреген аудан басшысы ең алдымен Еңбек Қызыл Ту және Ленин ордендерінің иегері, даңқты машинист, Арал ауданының құрметті азаматы Бөлекбай Бектұрғанов бастаған ардагерлермен, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, емен-жарқын пікір алмасты. Кездесу барысында кентте ілкімді істер, толайым тірліктер атқарылып жатқанын тілге тиек еткен ауыл үлкендері биылғы қуаңшылық салдары біршама әуреге салып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың басты тілегі көгілдір отынның игілігіне қол жеткізу екендігін атап өтті.

Өңірдегі қуаңшылық мәселесінің жағдайына қанық екендігін білдірген аудан әкімі бұл бағытта шұғыл шаралар қабылданып, тиісті жұмыстарды атқару қолға алынғандығын жеткізді. Газ мәселесін де жоспарға сәйкес жүзеге асыру басты назарда.

Ардагерлердің батасын алған аудан басшысы одан әрі ел Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен бой көтерген жаңа 300 орынды мектеппен танысып, алдағы оқу жылына дайындық барысын пысықтап өтті. Сондай-ақ жаңа нысанның қарсы бетінде орналасқан автокөлік жолына балалардың қауіпсіздігі үшін тиісті жол белгілерін орнатуды тапсырды. Жергілікті тұрғындар үшін өзекті мәселе болып келген білім ошағы осы жылдың қыркүйек айында ел игілігіне берілмек. Қазіргі таңда кент бойынша 2700-дей оқушы бар болса, жаңа оқу жылында 452 балаға осы мектепте білім алуға мүмкіндік ашылмақ.

Одан әрі аудан әкімі кенттегі маңызды мәселелердің бірі болған жаңа аурухана құрылысына ат басын бұрып, бүгінде тоқтап тұрған жұмыстардың жай-жапсарын талдап өтті. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы маманының айтуынша қазіргі таңда аурухананы жалғастыру бағытында қосымша қаржысын нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы күз айына дейін нысанды салуға жаңа мердігерді анықтау жоспарланып отыр. Аталған нысан құрылысының өзектілігін ескерген аудан әкімі бұл жұмыстарды аяқтау үшін бар мүмкіндіктерді жүзеге асыру қажеттігін айтып, мәселе өзінің тікелей бақылауында болатындығын жеткізді.

Сапар аясында көне аурухананың жұмыс барысы да назардан тыс қалмады. Жалпы 25 орынды Сексеуіл ауылдық ахруханасында дәрігерлер қауымы портал арқылы жоспарлы емделуші науқастарға тиісті емшараларды жүргізіп келеді.

Жұмыс сапары одан әрі кенттегі демалыс саябағында, спорт кешенінде және Сексеуіл пайдалану локомотив депосы мен «Алма рай» балабақшасында жалғасты. Аталған мекемелердің жұмысымен танысып өткен аудан әкімі әр сала бойынша туындаған мәселелерін сұрап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жасыл желектер егілген саябақ алаңынан алдағы уақытта балалар алаңын салу, жергілікті тұрғындардың тынығу орны ретінде жасақтау жоспарланып отыр. Спорт кешеніне келер болсақ, бір мезгілде 60 спортшыны қабылдауға мүмкіндігі бар аудандағы тұңғыш спорт кешені спорттық оқу-жаттығу жарыстарын өткізу, спортшыларды спорттық ойын және зияткерлік түрлеріне дайындау бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Бүгінде қарамағында 396 қызметкерді жұмыспен қамтып отырған депо кенттегі негізі сала деуге болады. Бұл арада ұрпақтар сабақтастығын үзбей келе жатқан қызметкерлер еліміздің теміржол саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Ал, заманауи талаптарға сай жасақталған «Алма рай» балабақшасы болса кент бүлдіршіндерін өнегелі ұрпақ етіп тәриелеуде жемісті еңбек етіп келеді. 2016 жылы ашылған балабақшада қазіргі таңда 180 бала тәриеленуде.

Мұнан соң аудан әкімі С.Сермағамбетов арнайылап ауданымыздағы сұрапыл соғыстың көзі тірі куәгері, ардагер Талжан Жанасовтың шаңырағына барды. Майдангердің естеліктерін тыңдаған аудан басшысы адрагердің Отан алдындағы адалдығы мен қайсарлығы келер ұрпаққа зор жігер сыйлап, өшпес үлгі-өнеге болатынын жеткізді. Ардагеріміз өзіне сәлем бере келген аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Сапар соңында түйінді мәселелердің қатарындағы қоқыс полигонының жайын көзбен көріп, бірінші кезекте тазалықты ретке келтіру бағытында жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеп, полигон құрылысын жеделдетіп бастау бағытында шұғыл шараларды үйлестіруді тапсырды.






Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
04 маусым 2021 ж. 466 0