Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАРАБОЗЫ АРАЛДЫҢ ДАУЫЛПАЗЫ

ДАРАБОЗЫ АРАЛДЫҢ ДАУЫЛПАЗЫ

Талант дегеніміз дала тілімен түстегенде хас тұлпар секілді. Жүйрікті баптамаса, бәйгеге қоспаса, қора тұтқынына айналады. Ел құшағындағы дарабоздар ондай сыңаржақ тон пішуді пыру демейді. Бұлар әу бастан туған жердің бір тамшыдан нәрленер сүйрігіндей ми қайнатар аптаптың өзіне шыдас береді. Қолдан жасалатын қайшылықтардан жасымай, намыс шарқайрағына жанылып, бұрынғыдан да өткірлене түседі. Сондай жалқы да халқына қарайламаса жүрегі сыздайтын аламан тұлға Мұрат Сыдықов туралы әлқиссамыз осылайша шертілгені әділетті шығар. Қазақилықтың кіндігі, әлбетте, ауылда. Мұрат үшін тұтастай Арал, Сыр өңірі ата жұрт, ана пейіл ауылындай. Ол ешқашан сәнді қала таңдамаған. Рас, сәнді сахнаны аңсайды. Өйткені, оның табиғаты өнер құймасы іспетті. Домбыраны құшағына қысты дегенше, шабыт әлемі сүйрелеп әкетеді. Салалы саусақтары айдынға сурет салған аққу қанатындай сезім толқынын ойната жөнеледі. Езіледі, егіледі: бірде саз, бірде жыр боп төгіледі.
Әсілі, Сыдықовты суреттеу жарасымды. Тақуа тізбеге салсақ, ол –композитор, күйші, жырау, ақын. Осы ерекшелікті түгелдей жүлгелеу бір қаламға бағынбайды. Жалпылама сөйлеу Мұратқа да, бізге де тән емес. Аралдықтардың әлденеше буыны Сыдықов шығармашылығынан тоят тапқалы қашан?! Бүкіл қазақ даласын әнге бөлеген Шәмші бейнесіндей қабылдаған жерлестері Мұраттың «Балықшы қыз», «Қайдасың, сен?», «Сыр гүлі» әндерімен махаббат назын бірге бөлісті. Сол халықтық жаппай ықылас Сыдықовты шығармашылық шыңға жетеледі. Мұрат асулары жоталы. Онда татымсыз тәулік жоққа тән. Жас дәуренге берешек емес. Жиырма бестің желдірмесін елуге дейін нөкерге алды. Бәрі өнерге құштарлықтың, қабілеттің арқасында. Жә, бұл арада шамалы бұрулау кеткендейміз. Мұратты қырандай баптап, серідей сүйсініп, Сыр мен Әмудің Аралды кемерінен асырғанындай асау ағыс сыйлаған өмірдегі, өнердегі серігі Базар Қостайқызының мейір шапағаты, шексіз махаббатына сірә да баға жетпейді. Алпысында арындап, жетпісінде өнер абызына айналған Сыдықовтай тума таланттар сірә да тыным таппайды. Сарқылмайтын өнер кенішінің қатпарқыртысын қазба байлықтан бетер қорғаштайды. Жаратылыс сондай аманат артқан.
Мұрат мәңгі музаға ғашық. Еліне еркелейді, ел үшін елжірейді. Әмбебап өнерпаздың кәсіби машығына әріптестері таңдай қағады. Домбыра тартса, дәуірлер күңіренеді. «Махамбеттің толғауы», «Мұраттың төкпесі» күйлері ғасырлар эстафетасынан ізделеді. Ән-би ансамбльдерін құрудағы жаңашылдығы, Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрін қалыптастырудағы жетекшілік үлесі, Сыдықовтар жанұялық ансамблін әлемдік сахнаға шығаруы Мұраттың өзіндік қолтаңбасына жатады.
Біз бұл жерде Мұратқа жаңа анықтама қосып отырғанымыз жоқ. Желдіртпе әңгімеміз себепсіз де емес. Мұрат Сыдықовтың «Жырлайды Арал перзенті» және «Жыр мәйегі – мақам» атты қос бірдей кітабы жарыққа шыққалы, осынау құнды дүниелердің қалың оқырманға етене таныстырылмауы қолымызды еріксіз қаламға создырды. Өнер саңлағының салмағы да, сыры да басым таңдамалысын парақтай отырып қалың ойға баттық.
«Жырлайды Арал перзенті» 7 бөлімнен тұрады. Музыкалық, әдеби, мұрағаттық дүниелер бірін-бірі толықтырып отырады. Таңдамалы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Сыр сүлейлері шоғырының жалғасы Мұрат Сыдықовтың шығармашылық үрдісіне ризашылық алғысөзімен ашылған. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановтың шуақты лебізі таңырқатқан талантты даралайды. Қазақ өнерінің дүлдүлдері, Халық қаһарманы Роза Бағланова, Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғазиза Жұбанова, би падишасы Шара Жиенқұлова, тұңғыш режиссер Асқар Тоқпанов, Халық әртісі Мыңжасар Маңғытаев, Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеевтердің жүрекжарды пікірлері Мұрат шығармашылығын ұлттық мұра тұрғысынан ерекшелейді.
Аталмыш кітапта өнер сапарындағы тілеулестерін ерекше ардақтайды. Олардың фотоларын, атақ-дәрежелерін, өзі туралы мерзімді баспасөз материалдарын, арнау жырлар мен толғамдарды, әулеті мен сырластары жайлы естеліктерін сәтімен орайластырған.
Сексенге тарта өлеңдері енген. 23 ән мен 22 күйінің ноталары мен парти­ туралары Мұраттың музыка әлеміне табынтады. Оннан астам сценарий, театрландырылған қойылым панорамасы халықтық салтанатқа шақырады.
Осы тұста оның және бір қыры қылаң береді. Мұраттың актерлік бейімі де бедерлі. Сценарийлеріндегі негізгі кейіпкерлерді сомдауда өзіне де міндет артады. Өнерпаз ұлдары Жандос пен Төлегенді үнемі образ кейпіне еліктіреді. Оркестрлік орындаудың ойдағыдай шығуы үшін әр аспаптың үн тазалығына айрықша мән береді. Оның күрделі шығармаларындағы әуендік құйылыс­ тардың желімдей жымдасуында осындай нәзік иірім бар.
Мұраттың «Жырлайды Арал перзенті» кітабы өнертану саласына қосылған сүбелі үлес деуге толық негіз бар. Мұнда Сыр өңірі жұртшылығының рухани қуаты еркін сезіледі. Шығармашылық кемелденудің жанұялық үлгісі жөнінен де өзгелерден озық тұр. Сәнирасы –талантты биші, Жандосы – шебер музыкант, Төлегені – дәулескер күйші. Жұбайы Базар – мәдениет саласының үздігі. Өзінің даңқ тұғыры бәйтеректей биіктікке көз талдыра­ ды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет қайраткері деген оқшау белгілер өңіріне жарыса таласады. Кемел шағында консерватория бітіріп, Қазақстан Компо­ зиторлар Одағының мүшесі болғанын ерлік демей көріңіз?!
Сыдықов – нағыз патриот және энтузиаст. Аралының да, өнердің де жоғын жоқтаушы. «Аралмен мұңдасу» атты жыры әлемді шарлап кетті. Талай деректі фильмдерге арқау болды. Осынау оптимизмге толы азалы әуен Мұратты жаңа қырынан жарқырата ашты. Композиторлығын ақындығы мен жыраулығы одан сайын асқақтатты. Осы рухани қолпаш тосын міндет артты. Теңіз бен дария бойын жырымен балқытқан жыраулар мақамын ұзақ жылдар жинастырып, ақырында «Жыр мәйегі – мақам» атты аса құнды зерттеу еңбегін жарыққа шығарды. Жәдігер жинақта Арал мен Қазалы жұртшылығын зар заманнан нұр дәуірге дейін жырмен сусындатқан жыраулардың 31 мақамы топтастырылған. Сосын бір ғажабы, соншама мақамды орындау үлгісі үнтаспаға түсіріліп, кітапқа қоса ұсынылған. Төрт мақам Үмбетәлі жыраудың дауысында берілген. Ал, Мұрат 23 мақамды жаңғырта орындайды. Жыршылар Айна Тұяқова үш, Зәуреш Изекешова бір мақамды та­ мылжыта төгілтеді. Тағы да Мұраттың ежелгі мұраға жанашырлығына тәнті бола­ мыз. Жыраулар мектебінің шолғыншысы Үмбетәлі Сапаровтың орындауындағы көне нұсқаларды кезінде қарт жыраудан магни­ тофонға жазып алғаны кәдеге асты. Жыр жампоздары Бижан,
Ж а н с ү г і р ,
Ж а пп а р б е р д і ,
Жаңаберген, Дәріқұл, Жалғасбай, Қуат және Үмбетәлінің көмескілене бастаған мақамдарын қайта тірілтуге құштарлана кірісті. Мақам өлшемдерін нотаға лайықтау Жандос Сыдықовтың дөп басқан ізденісі нәтижесінде мамандар на­ зарын аударды. Ол үшін алуан нұсқаны Мұраттың қайта-қайта құбылта орындау­ ына тура келді. Осылайша бабалар амана­ ты болашаққа жол тартты.
Сөйтіп, Мұрат Сыдықов ақсақал жа­ сында өнер зерттеушісі атанды. Нұртуған мектебін қалыптастырған Бітімбай, Бижан, Жансүгір, молда Дәулет, Жаңаберген, Жаппарберді, Кәрібоздар ізін жаңғыртқан Жәмет, Дәріқұл, Еңсепбай, Жалғасбай­ лардан тізгін алған Көпжасар, Бақытжан, Үмбетәлі жыраулардың орындаушылық қолтаңбасын кейінгі талапкер буынға та­ быстауда үлкен еңбек жасады. Мұраттың құнды мұраны қалай игергенін жырау­ лардың соңғы тұяғы Үмбетәлі сынағынан өткізіп барып бата алғаны қандай құптарлық! Екі бірдей кітапқа редакторлық жасаған, әсіресе, мақамдар өлшемін нотаға сәтімен лайықтаған Жандос Мұратұлының рәтті жұмысына өнер сүйер қауым әлі талай алғыс айтады.
Мұрат Сыдықов – қазақ өнерінің ел арасындағы көшбастар өкілі. Оның кең көлемді шығармашылығынсыз Сыр өңірі өнерінің ұлы көшін елестету мүмкін емес. Ерке әндері, төкпе күйлері мен жігерлі толғаулары тыңдаушының айызын қандырады. Ол бей­ нелеп айтқанда, Қазанғаптың көзіндей, Нұртуғанның сөзіндей жәдігер талант. Төрткүл дүниеден тоғысқан шетелдіктер Арал тағдырына қатысты Мұратты айналып өткен емес. Өнер жалаугерін Алматы алақайлап қарсы алған, Мәскеу де тебірене тыңдаған, Қызылорда қуана қол соққан. Енді бұйырса, Астана сах­ насы бұйымтай сұрары хақ. Оның жасампаз бейнесінен Шәмші Қалдаяқов кейпін, қалам ұшынан Ілия Жақанов үлгісін көргендей боламыз. Ендеше, композитор-күйші, ақын-жырау Мұрат Сыдықовтың ғұмырнамалық әрі шығармашылық бұлағындай қос кітапты парақтауға асыққанымыз абзал.
Өмірге келгенім жоқ қапылыста,
Талпындым домбыра ұстап алты жаста.
Еліктеп жыршы, күйші ағаларға,
Солардың өнегесі болды нұсқа! – деп қалың оқырманды, сүйікті тыңдарманын сырласуға шақырған, мұратына жеткен Мұратқа домбыра ұсынып, қолқа салғаннан басқа айтар назымыз жоқ. Халық тілеуі – осы!
Жаңабай КЕМАЛ.
Арал қаласы.

01 шілде 2018 ж. 1 739 0