Мемлекеттік қызметшілер арасында спорттық сайыс өтті
Кеше аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Мемлекеттік қызметшілер күніне орай спорттың үстел теннисі мен пневматикалық мылтықтан нысана ату түрлерінен сайыс өткізілді.
Аталған спорттық шараға 22 мемлекеттік қызметші қатысты.
Жарыс қатысушыларын марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов қатысып:
– Қызметтеріңізде кәсібилік танытып, жүктелген міндеттерге жоғары жауапкершілікпен атқарып келесіздер. Ал бүгін өздеріңізді басқа қырларыңыздан көрсете білдіңіздер. Еліміздің өркендеуіне қосып жатқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз әрқашан жемісті де табысты болсын. Сіздерге зор денсаулық, қызметтеріңізге абырой, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деп жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом мен медальдар және кубоктарды табыстады.
Тартысты өткен жарыс нәтижесі бойынша 6 мемлекеттік қызметші жүлделі орынды иеленсе, 3 мемлекеттік қызметші жеңіске деген жігері үшін дипломмен марапатталды.
Атап айтар болсақ, үстел теннисінен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Такенов Ақтілек III орынды, Ақирек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрекешов Әділет II орынды иеленсе, Бөген ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әлішев Айбек I орынға ие болды.
Ал пневматикалық мылтықтан нысана атудан Арал қаласы әкімі аппаратының бас маманы Рысқұлов Олжас III орынды, ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Құдайбергенов Абзал II орынды иеленсе, мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Жасұланов Асылхан I орынды жеңіп алды.
Жеңімпаздарды жеңісімен құттықтаймыз. Әлі де талай биіктерден көрініп, қызметтерін жауапкершілікпен атқара беретіндеріне сеніміміз мол.
"Толқын" ақпарат
"Толқын" ақпарат