Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус инфекциясы: Ауданда штаб отырысы өтті

Коронавирус инфекциясы: Ауданда штаб отырысы өтті

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен коронавирус індетінің алдын алу жұмыстары бойынша құрылған штабтың отырысы өтті.
Штаб отырысынң күн тәртібінде ауданда қалыптасқан эпидемиалогиялық жағдай және жаппай вакцинациялау барысы кеңінен талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселе негізінде аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов хабарлама жасап, індетке шалдығу көрсеткіштерін талдай келе, аудан бойынша вакциналау жұмыстарының жүргізілу жайын саралап өтті.

Жиын барысында елдегі ахуалдың мәз емес екенін алға тартқан аудан басшысы әлемді жайлаған індетті жұқтыру дерегі ауданымызда да күннен күнге өсім алып келе жатқандығын атап өтті. Мәселен, соңғы 8 күн аралығында өңірімізде 34 науқас анықталған.

Одан әрі бұған дейін өткізілген штаб отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу жайын талдай келе, жұмыстардың мардымсыз деңгейде жүріп жатқанын атап өтті. Осы орайда алдын алу шараларын күшейтіп, егу шараларын жандандыру керектігін жеткізді.

Сонымен қатар ауданда карантиндік шараларды қатаң сақтауды, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуын қадағалап, үнемі бақылауда ұстап отыруды және қамтамасыз етуді қатаң ескертті. Сонымен бірге, ауданда құрылған мобильді топ құрамымен мекемелерді, кәсіпкерлік нысандарды, сауда үйлерін аралап, жаңа қаулыны кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.

Атап өту керек, жыл басынан бүгінге дейін індетті жұқтырғандар саны аудан бойынша 179 адамға жетіп отыр. Өкінішке орай, тіркелген науқастар арасында жасөспірімдер мен 1 жасар сәбидің індет жұқтыру дерегі анықталып отыр. Қазіргі таңда олардың 145-і жазылып шықса, 15 адам провизорлық стационарда ем қабылдауда, 17-сі үй карантинінде.

Жиын соңында аудан әкімі вирустың бұдан әрі күш алу қауіпі басым екенін айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеді.


Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
04 шілде 2021 ж. 372 0