Әкімдер сайлауының алдындағы үгіт 14 шілдеде басталады
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының шешімдерімен ағымдағы жылдың 25 шілдесіне Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің 730 әкімін сайлау тағайындалғанын хабарлайды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес эфирден және баспасөзден орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралы сайлау алдындағы үгітті жүргізу басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей (2021 жылғы 9 шілдеден кешіктірмей) хабарлап, жариялауға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдары эфир мен баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер жарияланғанға дейін кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыру, тарату үшін эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бере алмайды (осы норманы бұзу лауазымды адамдарға – 30 АЕК мөлшерінде, заңды тұлғаларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады).
Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау бойынша эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер аумақтық сайлау комиссияларына берілуі тиіс.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
Осылайша, сайлау алдындағы үгіт 2021 жылғы 14 шілде жергілікті уақытпен сағат 18:00-ден кейін басталып, 2021 жылғы 24 шілде жергілікті уақытпен сағат 00:00-де аяқталады.
kyzylorda-news.kz