Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжіліс депутаттары Арал ауданында болды

Мәжіліс депутаттары Арал ауданында болды

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева және мәжіліс депутаттары Ғалым Әміреев, Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских, Берік Дүйсенбиев жұмыс сапарымен Арал ауданында болды. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов депутаттармен бірге бірқатар нысандарды аралап, өңірдегі проблемалық мәселелерді түсіндіріп өтті.

Алдымен Арал қаласындағы өзекті болып табылатын темір жол үстінен салынатын аспалы автокөлік көпірін салуға белгіленген орындарды көрсетті. Аудандық бюджеттен аспалы көпірдің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Жоба сметалық құжаттамасын дайындауға қаржы бөлу жұмыстары жүргізілуде.

Одан соң халық қалаулыларына аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінде аудандағы апатты деп танылған кітапханалардың жағдайы таныстырылды. Қазіргі таңда 3 кітапхана ғимараты апатты жағдайда деп танылып, 200 мың кітап қорына арналған кітапхана құрылысына жобалау-іздестіру жұмыстары жасалып, құжаттарын әзірлеуге тиісті басқармаға өтінім тапсырылған.

Жұмыс сапары барысында депуттар «Nur Otan” партиясының фракция мүшелерімен және аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында аудандағы қуаңшылық жағдайы, пандемияның кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіргендігі сынды мәселелер депутаттар назарына ұсынылды.

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева «Nur Otan” партиясының аудандық партиясы филиалы ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, уәждеріне құлақ түрді. Қабылдауға келген тұрғындар мен шаруа қожалық иелері мал шаруашылығына мемлекет тарапынан берілетін субсидия жөнінен қолдау көрсету, Сексеуіл кентін газдандыру, Арал қаласынан автодрон құрылысын салуға қаржы бөлу, жұмысқа орналастыру мәселелерімен жүгінді.
Ұсыныстарды мұқият тыңдаған Балайым Кесебаева айтылған жағдайлар назарға алынып, шешілу жолдары қарастырылатындығын білдірді.

Халық қалаулылары мұнан соң апатты жағдайдағы «Жазира» балабақшасының ғимаратын көрді. Бұл жерде аудандағы апатты деп танылған «Толқын» және «Жазира» балабақшаларының жағдайы түсіндірілді. Атап өтейік, Арал қаласындағы 3 балабақша апатты деп танылғандықтан басқа ғимаратқа көшірілген.
Депутаттар сапары одан әрі Қамбаш көлінің жағасында жалғасып, демалыс аймағының қазіргі жағдайымен таныс болды.

Мұнан кейін «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында аудан әкімі куаңшылыққа байланысты зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша бірінші кезекте тазалауды және су тоспасын салуды қажет ететін каналдар мен қайта қазылатын су ұңғымаларының тізімін арнайы стенд арқылы таныстырып өтті.

Мәжіліс депуттары Қамыстыбас, Бөген, Қаратерең, Жаңақұрылыс елді мекендеріне барып, ауыл халқымен жүздесіп, жергілікті жердегі түйткілді мәселелерді тыңдады. Аудандарды аралаудағы негізгі мақсаттарын түсіндіріп, қуаңшылық, Сырдария бойындағы су тапшылығына байланысты орын алған жағдайды көзбен көріп, тұрғындармен тілдесіп шешу жолдарын қарастыру екендігін жеткізді.
Кездесуде ауыл тұрғындары басты мәселе қуаңшылық, жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру, төрт түлік малға қажетті жем-шөп, жол мәселесі қиындық тудырып отырғанын айтты. Сонымен қатар, ауылға жаңа балабақша, клуб қажеттілігі тұрғындар тарапынан ұсынылды.

Депутаттар қуаңшылық бірінші кезекте назарда тұрған мәселе екендігін жеткізіп, жобалар дайындалғанын, соған қажетті қаржы бөлуге ықпал жасап, бақылауда ұстайтындықтарын білдірді.

Сапар барысында мәжіліс депутаттары «Бөген – Ақлақ» және «Қаратерең Жаңақұрылыс» автожолдарына жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарына куә болды. Сонымен қатар, «Ақ лақ» су тоспасымен және «Жалғасбай» балық өңдеу цехының жұмысымен танысты.





Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
08 шілде 2021 ж. 471 0