Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда төтенше жағдай: Гүлшара Әбдіқалықова жиын өткізді

Аралда төтенше жағдай: Гүлшара Әбдіқалықова жиын өткізді

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиында Арал ауданы аумағындағы қуаңшылық жағдай жариялау мәселесі қаралды.
Аймақ басшысы күн тәртібіндегі жағдайдың маңыздылығын және осыған дейін жасалған жұмыстарды ескере отырып, бірқатар мәселелерде шұғыл шешім қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Ағымдағы жылы Арал ауданында құрғақшылық жағдайы орын алып, 559 мал басының өліміне себеп болды. Қызылорда және Маңғыстау облысындағы қуаңшылық жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қажетті шараларды қабылдау жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Бірінші кезекте мал басын аман алып қалу үшін су ұңғымаларын қазу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыруға каналдар тазаланып, су тоспалары салынуы керек. Бұл жобалар толық жүзеге асуы үшін Сырдария өзенінің Бұрмаұлақ арнасын бөгеп, Аспай суағытқысын іске қосу арқылы, Ақшатау-Қамбаш көлдер жүйесін суландыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Жоғарыда аталған жұмыстардың ірі көлемдегі қаржыны қажет етуіне байланысты республика бюджетінен қаржы бөлу жөнінде Үкіметке хат жолданды», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Еске салайық, бүгінде қуаңшылық жағдайдағы ауылдық округтер «қызыл», «сары» және «жасыл» болып 3 аймаққа бөлініп, тізбесі әзірленген. Оның ішінде қызыл аймаққа 13 ауылдық округ, сары аймаққа 6 ауылдық округ және жасыл аймаққа 4 ауылдық округ енгізілді. Аудан бойынша 205 822 бас малға қажетті азық көлемі 184 640 тоннаны құраса, бүгінгі күнге ауданға 2190 тонна жеткізілді. Бұдан бөлек ауданнан ерікті жастардан 14 жасақ құрылып, шөп ору науқанына өз үлестерін қосуда. Аталған жасақтар қазіргі таңда Қазалы ауданының Қарашеңгел, Көларық округінен, Қармақшы ауданының Жаңажол ауылынан және Сырдария ауданы Н.Ілиясов және Шіркейлі ауылдарынан шабындық жерлерін шабуға жұмылдырылуда. Сонымен бірге, 11 шілде күні көршілес Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына барып, жергілікті шаруашылықтармен кездесіп, шөп бағасын қол жетімді етумен қатар шабындық жерлерді оруға келісім жасалды. Қазіргі таңда аралдық 5 бригада шөп орымын бастап кетті.
Комиссия отырысында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов қабылданған шаралар туралы баяндап, мәселені шешу үшін қажетті іс-шараларды ұсынды. Ауданда мал өлімінің алдын алу, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында суаттар мен көл жиектеріне ауыл тұрғындарының көмегімен кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылып, жағдай бақылауға алынды. Сонымен қатар, әр елді мекен бойынша пада мәселесі күшейтіліп арнайы CALL-орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда мал өлімінің тіркелуі тоқтады.
Қалыптасқан жағдайды саралаған аймақ басшысы Арал ауданының әкіміне облыстық ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларымен бірлесіп, тиісті министрліктермен жұмыс жасау қажеттігін еске салды. Сондай-ақ, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, облыстық жергілікті атқарушы органның төтенше резервінен қаржы бөлу үшін тиісті құжаттар тізбесін әзірлеп, облыстық қаржы басқармасына ұсынуды тапсырды. Мұнан бөлек, облыстық қаржы басқармасына жергілікті атқарушы органның төтенше резервінен қаржы бөлуді қарастыру қажеттігін қаперге салды.
Облыс әкімі облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына шұғыл түрде ауданға қарасты елді мекендер малдарын суару үшін бірінші кезекте қажетті 3 су ұңғымасын қазу жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді. Бұл ретте «Бұрмақұлақ» су арнасын уақытша бөгеу және Бектау каналын тазарту және тоспа салу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мақсатында сыр беткейінде орналасқан елді мекендердегі 7 каналдың арнасын тазалау және су тоспаларын салу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуді міндетті. Егер республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда каналдың арнасын тазалау және су тоспаларының құрылысын салу, 12 ұңғыманы іске қосуды ұйымдастыру керектігін тілге тиек етті.
Аймақ басшысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына «Нұралы жарма» каналының арнасын тазалау және су тоспасын салу жұмысына әзірленген жоба-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамадан өткізуді, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына Арал ауданы әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жануарларын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында тасымалдауға қажетті жанар-жағармай шығынын өтеу үшін облыстың төтенше резервінен қаржы бөлуді ұсыну және облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жем-шөп бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды ұйымдастырып, осы саладағы кәсіпкерлердің бірінші кезекте өңірдегі шаруашылықтарды қамтамасыз етуін бақылауға алуды тапсырды. Ал, Арал ауданының әкіміне аудан бюджетінен Аспай суағытқысын іске қосу және 49 су ұңғымасының төлқұжатын әзірлеу жұмыстарын ұйымдастыруды, республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда су насостары мен арнайы техникаларды сатып алуды қамтамасыз ету міндеттерін жүктеді.
Айта кетейік, бүгіннен бастап Арал өңіріне төтенше жағдай енгізілді.

kyzylorda-news.kz
14 шілде 2021 ж. 323 0