Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіхалықова: Жұмыстың сапалы атқарылуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын

Гүлшара Әбдіхалықова: Жұмыстың сапалы атқарылуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын

Қызылорда облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысына облыстық департамент және басқарма басшылары, сондай-ақ, селекторлық байланыс арқылы аудан әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтқанда, 2020-2021 жылдардағы ықтимал су тасқынының алдын алу шаралары, облыс аумағындағы эпизоотиялық ахуал мен облыстағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай және алдағы атқарылатын шаралар туралы айтылды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин баяндады.Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасуы себепті қыс-көктем айларындағы мұз қату және сең жүру кезеңдерінде елді мекендерімізге су басу қауіпін төндіреді. Осыған сәйкес, жыл сайын су тасқынының алдын алу шаралары жүргізіліп келеді.
Жалпы алдағы 2020-2021 жылдардағы ықтимал су тасқынына дайындық шаралары бойынша өзен бойы қорғаныс бөгеттерінің тұсы қауіпті 56 су басу аймақтарына бөлініп, оған 122 жауапты мекемелер бекітілген. Олардағы арнайы техника саны 432 бірлікті және 1 491 адам күшін құрайды.
Қазіргі таңда облыс бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлар бойынша барлығы 76,7 тонна жанар-жағар май қоры және 99 540 дана қап бар. Сондай-ақ, 27 750 бау қамыс, 5 600 дана пашын және 6 552 қарабура мен т.б. қажетті материалдар қорлары жасақталған. Ағымдағы жылы су тасқынының алдын алу мақсатында 643,5 млн. теңге қаржы қаралды. Оның ішінде қорғаныс бөгеттерін нығайту, мұз жару жұмыстары мен қап сатып алу, тікұшақ қызметін пайдалану қарастырылған.
2020 жылға жалпы ұзындығы 70,5 шақырымды құрайтын өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерінің 11 қауіпті учаскелерінде жөндеу, арнаны қазу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.
«Екі ай шамасында өзен арнасында мұз қату процессі басталады. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына осы мақсатта бөлінген қаржының мерзімінде игерілуін және жұмыстың сапалы атқарылуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Қармақшы ауданы Абыла елді мекені тұсындағы Тойымбет каналына 2 көзді және Жаңақорған ауданындағы Өзгент көліне 1 көзді су тоспаларын салу жұмыстарын шұғыл түрде жүргізу қажет. Қазалы ауданының Тасарық, Қызылқұм елді мекенін су басудан қорғау мақсатында Қуаңдария каналына 3 көзді су тоспасын салу жұмыстарының жоба сметалық құжаттарын әзірлеу және құрылысын салу жұмыстарына қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жолдансын», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, тиісті сала басшыларына су басу аймақтарына жақын аумақтарға қажетті жұмыстарды ұйымдастыруды және Шардара су қоймасынан күз-көктем айларында Сырдария өзенінің төменгі ағысына түсірілетін су көлемінің бекітілген кестеге сәйкес босатылуына үнемі бақылау жасауды жүктеді.Облыс аумағындағы эпизоотиялық ахуал туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов сөз сөйледі.
kyzylorda-news.kz
21 қазан 2020 ж. 410 0