Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова індетпен күрес амалдарын қатаң түрде күшейтуді тапсырды

Гүлшара Әбдіқалықова індетпен күрес амалдарын қатаң түрде күшейтуді тапсырды

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен КВИ жағдайы бойынша жедел штаб отырысында аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды жақсарту мәселелері талқыланды. Жиынға әкім орынбасарлары, бірқатар басқарма және департамент басшылары мен онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты.
Аймақ басшысы өңірде вирустың тәулігіне 100-ден астам жағдайы анықталып, індеттің өрши түскенін қаперге салып, сақтық шараларын қатаң түрде күшейтуді тапсырды.
«Республика бойынша жаңа үнділік «Дельта», оған қоса «Дельта плюс» штаммы тіркеліп, қазіргі таңда біздің облысымызда кең таралуда. Жағдай өте ауыр. Былтыр осы кезеңде, облысымызда коронавирусты инфекциясынан өлім-жітім саны көп болғаны белгілі. Биылғы жылы қайтыс болған адамдардың жылдық «астары» өткізілуде және тойлар кеңінен өткізіліп жатқандығы туралы мәліметтер түсуде. Күні кеше Қызылорда қаласында орналасқан «Арнау палас», «Бақ-Сарай» мейрамханаларында отбасылық шаралар өткізілген. Дегенмен, бұл шаралар мониторингтік топтардың назарынан тыс қалған. Дәл осындай шаралар аудандар көлемінде де өткізілуде. Сондықтан мониторингтік шаралардың жұмысын қатаң түрде күшейту қажет», – деді облыс әкімі.
Облыс аумағында эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасаған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова ағымдағы жылдың наурыз айындағы мерекелік күндерден кейін сәуір айында ауру санының күрт жоғарылап, тәуліктік тіркеменің артқанын жеткізді. Мұнан бөлек, департамент басшысы әлі де екпе алмаған жекеленген санатты азаматтардың вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін, ал ұжымдық вакцина алған қызметкерлердің аурушаңдық деңгейі төмендеп келе жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Қызылорда қаласы тұрғындарының аурушаңдық көрсеткішінің жоғары болуы себепті Қызылорда қаласы үшін жаңа қаулы қабылданып, ертеңнен бастап күшейтілген түрде сақтық шаралары енетінін хабарлады. Яғни демалыс күндері қарым-қатынасты мейлінше шектеу үшін локдаун шаралары енгізілмек.
Ал, облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан өңірдегі мониторингтік топтардың жұмысын әлдеде күшейту үшін мониторингтік топ құрамына тәжірибелі, сала басшыларын қосып, жұмыстарын жіті бақылауда қажеттігін атап өтті.
Отырыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов ауруханалардағы төсек орындармен қамту және жаппай вакциналау жұмыстары барысын баяндады. Жүктеменің артуына байланысты коронавирус індетін емдеуге арналған инфекциялық төсек орындар саны 3 есеге ұлғайды. Яғни 1820 төсек-орын ұйымдастырылды.
Қажетілікке қарай инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Сонымен бірге 518 орны орталықтандырылған оттегімен жабдықталған. Ал, үй жағдайында ем алуға мәжбүр азаматтарға 138 дәрігерлік мобильдік топ құрылған. Мобильдік топ дәрігерлерінің науқастарға шұғыл түрде жетуі үшін облыс әкімдігі мен қала әкімдігі тарапынан қосымша көліктер қарастырылды. Облыста вакцина салынуға тиіс 401 мың тұрғын болса, соның бүгінде І компоненті бойынша 211 445 екпе алып үлгерсе, II-ші кезеңді салдыру кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі таңда вакцинациялау 106 егу кабинетінде жүргізілуде, оған 133 мейірбике мен 89 дублер тартылған.
Басқарма басшысы аймақтағы емдеу орындарында төсек орындар қоры жеткілікті екенін айтып, кеселді уақытылы анықтап, қажетті ем-дом шараларын қабылдауға шақырды.
Жиында Гүлшара Әбдіқалықова дәрі-дәрмек мәселесінің барысын саралады. Облыстық медициналық және фармацевтикалық қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ғалима Азирова апта сайын коронавирустық инфекцияны амбулаториялық емдеу кезінде пайдаланылатын сұранысқа ие 10 дәрілік заттың мониторингін жүргізеді. Яғни қызуды түсіретін, қабынуға қарсы, антикоагулянттардың 2 айлық қажеттілік мөлшері жасақталғанын, қажет болған жағдайда қорлар толықтырылатынын хабарлады.
Департамент басшысының есебін саралаған облыс әкімі керекті дәрілердің ауылдар мен қала шетіндегі дәріханаларға уақытылы және қажетті мөлшерде тұрақты түрде жеткізілуін қадағалауды тапсырды.
Штаб отырысында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысы Фердоуси Қожабергенов «Ashyq» жобасына кәсіпкерлерді белсенді түрді тарту жұмыстарының барысын баяндады. Бүгінде 252 нысан «Ashyq»-ға енген.
Облыс әкімі қоғамдық тамақтану мен сервистік қызмет орындарында қауіпсіздікті сақтау үшін кәсіпкерлік нысандар «Ashyq» жобасына белсене қатысу қажет екенін еске салып, бұл бағытта тиісті сала басшыларына жұмысты қысқа мерзім ішінде үйлестіруді тапсырды.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментіне науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды шұғыл түрде анықтап, аурудың таралуына жол бермеуді тапсырды. Сондай-ақ, облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау және полиция департаменттеріне, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп күнделікті мониторинг топтардың жұмысын күшейту тапсырылды.
Аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасына барлық медициналық мекемелердегі құрал-жабдықтарға, төсек-орындарға күнделікті ревизия жасап, белгіленген алгоритмге сәйкес кезең-кезеңімен қайта бейімдеу және қажет болған жағдайда қосымша төсек-орындар әзірлеу мен вакцинациялау жұмыстарын қатаң түрде күшейтуді міндеттеді.
«Қазіргі таңда вакцинациялау мәселесіне басты назар аударылуы тиіс, өйткені ол ауруды жұқтырмаудың бірден-бір жолы. Мұнан бөлек, төсек орынмен қамту мен реанимациялық бөлімдерінің дайындығы аса маңызды. Сондай-ақ, үйде емделіп жатқан науқастардың толыққанды ем алуын қамтамасыз ету қажет. Жағдайын ұшықтырып алмас үшін күнделікті олардың жағдайын қадағалауды тапсырамын. Барлық жұмыстар ұйымдасқан түрде жүргізіліп, тұрақты бақылауда болсын», – деді облыс әкімі.
Жедел штаб отырысында берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменоваға жүктелді.

kyzylorda-news.kz
28 шілде 2021 ж. 315 0