Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шілдеде індет тағы өршіді

Шілдеде індет тағы өршіді

Жұқпалы індет өршіп барады. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жедел штаб отысырында аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды жақсарту мәселелерін талқылап, қатаң тапсырма берді.
Өңірде вирустың тәулігіне 100-ден астам жағдайы анықталып отыр. Ахуал күрделі, сақтық шараларын қатаң түрде күшейту қажет.
– Республика бойынша жаңа үнділік «Дельта», оған қоса «Дельта плюс» штамы тіркеліп, қазіргі таңда біздің облысымызда кең таралуда. Жағдай өте ауыр. Былтыр осы кезеңде, облысымызда коронавирус инфекциясынан өлім-жітім саны көп болғаны белгілі. Биыл сол қайтыс болған адамдардың жылдық «астары» өткізілуде және тойдың да тыйылмай тұрғаны туралы мәліметтер түсуде. Күні кеше Қызылорда қаласындағы «Арнау палас», «Бақ-Сарай» мейрам­ханаларында отбасылық шаралар өткізілген. Алайда, бұл мониторингтік топтардың назарынан тыс қалған. Дәл осындай жиын-тойлар аудандар көлемінде де аз болып жатқан жоқ. Сондықтан мониторингтік шаралардың жұ­мысын қатаң түрде күшейту қажет, – деді облыс әкімі.
Облыстық санитарлық-эпиде­миологиялық қадағалау депар­таментінің басшысы Динара Жаңа­бергенова осы жылдың наурыз айындағы мерекелік күн­дер­ден кейін сәуірде ауру саны күрт өсіп, тәуліктік тіркеменің арт­қанын айтты. Мұнан бөлек, де­партамент басшысы әлі де екпе алмаған жекелеген санатты азаматтардың вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін, ал ұжымдық вакцина алған қызметкерлердің аурушаңдық деңгейі төмендеп келетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол Қызылорда қаласында  аурушаңдық көрсеткіші жоғары болуы себепті Қызылорда қаласы үшін жаңа қаулы қабылданып, күшейтілген түрде сақтық шаралары енетінін хабарлады. Сонымен демалыс күндері қарым-қатынасты мейлінше шектеу белгіленіп отыр.
Ал, облыстық полиция депар­таментінің бастығы Бектөре Сұл­тан­ның айтуынша,  өңірдегі мо­ни­­торингтік топтардың жұмы­сын ширата түсу үшін олардың құ­ра­мына тәжірибелі сала басшыларын қосып, бақылауды күшейту қажет.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазылов жүктеменің артуына байланысты коронавирус індетін емдеуге арналған инфекциялық төсек-орын саны 3 есеге ұлғайғанын мәлімдеді. Бүгінде 1820 төсек-орын ұйымдастырылған. Қажет­тілікке қарай инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Со­нымен бірге 518 орын ор­талық­тандырылған оттегімен жаб­дық­талған. Үй жағдайында ем алуға мәжбүр азаматтарға 138 дәрігерлік мобильдік топ құрылған. Олар науқастарға шұғыл түрде жетуі үшін  облыс әкімдігі мен қала әкім­дігі тарапынан қосымша көліктер қарастырылды.
Облыста вакцина салынуға тиіс 401 мың тұрғын болса, соның бү­гінде І компонентін 211 445-і алып үл­герді, II кезеңді салдыру кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі таңда вак­циналаудың 106 кабинетіне 133 мейірбике мен 89 дублер тартылған.
Басқарма басшысы осы ретте аймақтағы емдеу орындарында төсек- орын қоры жеткілікті екенін айтып, кеселді уақытылы анықтап, қажетті ем-дом шараларын қабылдауға ша­қырды.
Жиында облыс әкімі дәрі-дәр­мек мәселесін саралады. Облыстық медициналық және фар­ма­цевтикалық қадағалау депар­таменті басшысының мін­детін ат­қару­шы Ғалима Азирова апта сайын коронавирустық инфекцияны амбу­латориялық емдеу кезінде пайдаланылатын сұранысқа ие 10 дәрілік заттың мониторингі жүргізіліп, қызу­ды түсіретін, қабынуға қарсы, антикоагулянттардың 2 айлық мөлшері жасақталғанын, қажет болған жағдайда қор толық­тырылатынын хабарлады.
Бұл ретте облыс әкімі керекті дәрілердің ауылдар мен қала ше­тіндегі дәріханаларға уақытылы және қажетті мөлшерде тұрақты түрде жеткізілуін қадағалауды тапсырды.
Штаб отырысында облыстық кә­сіп­керлік және туризм басқар­ма­сы­­ның басшысы Фердоуси Қожа­бер­генов «Ashyq» жобасына кәсіп­керлерді белсенді түрде тарту жұмыстары туралы баяндады. Бүгінде  252 нысан «Ashyq»-қа енген.
Облыс әкімі жедел штаб отырысында айтылған әрбір маңызды мәселе бойынша тиісті тапсырма берді. «Ashyq» жобасына қатысуды белсенді жүргізу, науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды шұғыл анықтап, індеттің таралуына жол бермеу сынды барлық қорғаныс амалдарын күшейтуді міндеттеді.
– Қазіргі таңда вакциналау мәселесіне басты назар аударылуы тиіс. Өйткені, ол – аурудан қорғанудың бірден-бір жолы. Мұ­нан бөлек, төсек орынмен қамту, реанимациялық бөлімдердің дайын­дығы аса маңызды. Сондай-ақ, үйде емделіп жатқан науқастардың толыққанды ем алуын қамтамасыз ету қажет. Жағдайды ушықтырып алмас үшін күнделікті қадағалауды тапсырамын. Барлық жұмыс тұрақты бақылауда болсын, – деді облыс әкімі.
Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменоваға жүктелді.

syrboyi.kz
29 шілде 2021 ж. 266 0