Қызылордада карантин талаптарын бұзған 118 нысан жауапқа тартылды
Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен облыс орталығындағы карантин талаптарының сақталуын талқылау үшін жедел штаб отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz.
Штаб отырысында қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов қала аумағында карантин талаптарының сақталу барысы, індеттің алдын алу шаралары туралы атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды.
Бектас Балғабайұлының баяндауынша Қызылорда облысы қызыл аймаққа енгенімен қалада санитарлық талаптар мен карантиндік шектеулерді ескермейтіндер қатары азаймаған. Жалпы бүгінгі күнге дейін қалада санитариялық-эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын бақылау бойынша құрылған 16 мониторингтік топ (ауылдық округтерде – 9, қалада - 7) жұмыс жасап келеді. Аталған топ жыл басынан бүгінгі күнге дейін 5510 мәрте нысандар аралап, оның ішінде карантин талаптарын бұзған 230 нысанға (оның 67-і той) шара қолдану үшін құзырлы органдарға хабарламалар жолданды. Қазіргі таңда оның 118-не шара қабылданды.
Қала әкімі, жедел штаб төрағасы Ғ.Қазантаев мобильдік топ мүшелеріне қала аумағындағы қауіпсіздік шараларды одан әрі күшейтуді тапсырды.
«Әлемде тарап жатқан коронавирус індетінің таралуына жол бермеудің бірден бір жолы – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қолданыстағы қаулысына сәйкес карантин талаптарын қатаң сақтау. Бүгінде аталған талаптардың сақталуын бақылау Қызылорда қаласы әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топтар тарапынан қарқынды жүргізілуде. Дегенмен де, халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданған шектеу шараларына қарамастан, тұрғындар карантин режимін сақтамай, аурудың қауіптілігін әлі сезінбей жүр деуге болады. Оған дәлел, қала аумағындағы тойханалар мен жеке тұрғын үйлерде өткізіліп жатқан той-томалақтар. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші қалада күніне 100-150 адамды құрап отыр. Бұл тек ауырып ауруханаға қаралған адамдардың саны. Дәрігерге қаралмай үй жағдайында ауырып жатқан адамдар қаншама? Сондықтан, қала аумағында қауіпсіздік шараларымен қатар, түсіндірме жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Бұл барлық жауапты тұлғаларға қатысты», деді шаһар басшысы.