Қызылорда облысы әкімінің 100 гранты бөлінді
Kyzylorda-news.kz. Білім гранттары бойынша бакалавр академиялық дәрежесінде техникалық, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнер, журналистика, дін, ветеринария және медицина салаларының мамандары даярланатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Абдукаримов жан-жақты баяндап берді.
Гранттар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау шараларын ұсыну мақсатында қабылданған 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік Әлеуметтік жол картасы шеңберінде тағайындалды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, облыс әкімінің 100 оқу гранты бөлінді. Ал оқу гранты 9 санат бойынша әлеуметтік осал топтарға енгізілген түлектерге табысталады. Грантты тағайындау туралы шешімді жергілікті аудан және қала әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Үміткерлердің ҰБТ, кешенді тестілеуден алған нәтижесі, жеке жоғары жетістіктері, әлеуметтік жағдайы, отбасының табыс деңгейі – іріктеудің негізгі критерийлері болып табылады.
«Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне – 46, Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне – 5, Нұр Мүбәрәк университетіне – 10, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне – 20, С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне – 19 грант бөлінді», – деді М.Абдукаримов.
Ал, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры Абайбек Жүнісовтың айтуынша, білім беру гранты конкурсына қатысуға ҰБТ-дан өткен және нәтижесі кемінде 50 балл, ал педагогикалық ғылымдар саласы бойынша кемінде 75 балл, шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл жинаған адамдар жіберіледі.
Жалпы, аймақта облыс әкімінің гранты 2013 жылдан бастап халықтың осал топтары қатарынан шыққан студенттерге әлеуметтік қолдау ретінде тағайындалып келеді. Бүгінде еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқитын 1 153 студент облыс әкімінің грантын иеленіп, оның 507-і оқуды бітіріп, 291 маман жұмыспен қамтылған. 24-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.