Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруалар үшін тиімді шара болды

Шаруалар үшін тиімді шара болды

Өңірдегі қуаңшылық көптеген шаруаларға оңайға соқпады. Салдарынан мал шығыны орын алды. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін дер кезінде шаралар қабылданып, төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда белгіленген жоспар бойынша жасалып жатқан жұмыстарды ақпарат құралдары арқылы біліп отырмыз.

Ерекше тоқталып өтетін жәйт жерлесіміз, меценат Болат Өтемұратов өзінің қорынан қуаңшылық қиындығын жою үшін атқарылатын жұмыстарға үлкен сомадағы қаржы бөлді. Бүгінде аудан халқы қор қаржысының игілігін сезініп те үлгерді. Мал ұстап отырған отбасыларға қор есебінен алынған жемнің алғашқы легі жеткізіліп, таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.

Бүгін аудан орталығында және барлық ауылдық округтерде ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, мал азығы қолжетімді бағада сатылымда болды. Жем-шөптің көп мөлшерде өңірге жеткізілуі тұрғындар үшін тиімді жағдай екені сөзсіз. Әркім өз қажетінше жем-шөпті сатып алды. Әне-міне дегенше күн суытып, қыс мезгіліне мал азығын дайындау басталады. Сол үшін осындай шараларды өткізу әлі де қажет-ақ.

Өңіріміздегі орын алған қиыншылық артта қалып, мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар жемісін береріне біздің сеніміміз мол. Тіршілігіміз төрт түлікпен тығыз байланыстағы біздің басты тілеуіміз де осы. Мал-жанымыз аман болсын.

Нұрәлі АЛПЫСБАЕВ,
қала тұрғыны

15 тамыз 2021 ж. 268 0