Штаб отырысы: Жақындарымызға жанашыр болайық
Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен кезекті короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі штабтың отырысы өткізілді.
Отырысқа штаб мүшелері мен бірқатар мекемелердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және ауылдық округ әкімдері , жергілікті жерлердегі аға дәрігерлер "ZOOM" платформасы арқылы қатысты.
Жиында сөз алған аудан басшысы соңғы 18 тәулік ішінде ауданымыз бойынша коронавирус инфекциясына шалдыққандардың 144 дерегі тіркелгендігін айтып, жағдай күннен күнге күрделеніп бара жатқанын қынжыла жеткізді. Осы орайда бүгінгі басқосуда ахуалды тұрақтандыру бағытында атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтау мақсатында күн тәртібінде қаралатын мәселелерді таныстырып өтті.
Штабтың күн тәртібінде маңызды екі мәселе, аудандағы эпидемиологиялық ахуалдың жай-күйі және аудан тұрғындарын жаппай вакциналау мен коронавирустық инфекцияға қарсы емдеу шараларының жүргізілу барысы кеңінен талданды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы О.Мошанов хабарлама жасап, қазіргі аудандағы ахуалдың жай-жапсарына тоқталды. Жалпы жыл басынан бері ауданда індет жұқтырғандардың саны 537-ге жетіп, 11 науқас коронавирус инфекциясының асқынуынан қайтыс болған. Індеттке шалдыққандардың басым бөлігі - 311 науқас қаладан, 84 науқас Сексеуіл кентінен, 35 науқас Жақсықылыш кентінен тіркеліп отыр. Тиісінше аурулармен жақын байланыста болған 2011 адам үй карантиніне алынған. Олардың арасында 128 адамнан полимеразді тізбектеу реакциясында коронавирус инфекциясына оң нәтижесі анықталған. Бүгінде КВИ стационарда 51 адам ем қабылдап жатқан болса, індет жұқтырғандардың 406 толық сауығып шыққан.
Елдегі ахуалға сәйкес мобильді топтың тексеру нәтижелерімен бүгінгі күнге дейін заң талаптарын бұзған 27 кәсіпкерлік нысанға, 50 жеке тұрғын үйде той өткізген тұлғаларға және "Ashyq" қосымшасы арқылы "қызыл" статустағы 1 тұлғаға айыппұл салынған.
Осы және өзгеде атқарылған жұмыстардың жайы кеңінен сараланған жиын барысында одан әрі аудандық аурухананың бас дәрігері М.Ршымбетов сөз алып, вакциналау жұмыстары мен коронавирустық инфекцияға қарсы емдеу шараларының жай-күйін баяндап өтті. Қазіргі таңда ем алып жатқан 51 науқастың 1-уі жүкті әйел, 3-уі 14 жасқа дейінгі балалар екендігін айтқан бас дәрігер, реанимация бөлімінде жатқан 7 науқастың 3-нің жағдайы өте ауыр екендігін жеткізді. Аурумен күресте вакциналау шарасының рөлі зор екендігін баса айтқан М.Ршымбетов күні кеше ауданға 2000 доза "SENOVAC" вакцинасы да келіп жеткенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе аясында туындаған сауалдар мен мән беруді қажет ететін жұмыстар кеңінен талқыланған жиын қорытындысымен аудан басшысы қалайда қалыпты өмірге оралуымыз үшін әрбір қызметкер жоқ дегенде өзінің жақындарына шынайы жанашырлық танытып, ел үшін аянбай бұл тығырықтан шығудың жолын үйлестіруге міндетті екенін жеткізді. Осы орайда аудан әкімдігі жанынан құрылған мобильді топтың жұмысын жандандырып, ахуалға бей-жай қараған тұлғаларды заң талаптарына сәйкес шектеу бағытында нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар ақпараттық түсіндірме жұмыстарының маңызы зор екендігін айта келе, тұрғындар арасында індеттен сақтану жолдарын кеңінен насихаттау жұмыстарын тоқтатпауды тапсырды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі