Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі С.Сермағамбетов: «Тойға барған мемлекеттік қызметкерге қатаң шара қолданылады»

Аудан әкімі С.Сермағамбетов: «Тойға барған мемлекеттік қызметкерге қатаң шара қолданылады»

Осы аптада аудан әкімдігінде кезекті коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі штабтың отырысы өтті. Оған аудан әкімі Серік Сермағамбетов төрағалық етіп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандағы жалпы эпидаухуалға қысқаша шолу жасады. Кеңейтілген штаб отырысына ауданға қарасты ауылдық округ әкімдері және жергілікті жердегі аға дәрігерлер де «ZOOM» платформасы арқылы қатысты.
Расында жағдай қиындап бара жатқанын жасырмау керек. Кеңейтілген штаб отырысының өтуіне де осы жағдай себеп. Айталық, соңғы 18 тәулік ішінде аудан бойынша коронавирус инфекциясына шалдыққандардың 144 дерегі тіркелген. Жыл басынан бергі көрсеткіш 537 адамға жетіп отыр. Бұл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Адам шығыны да болып тұр. Өмір мен өлім арасындағы арпалысты басынан өткеріп жатқан жандар да бар. Осыған байланысты штаб отырысында негізгі деген екі мәселе тақырыпқа арқау болды. Алғашқысы аудандағы эпидемиологиялық ахуалдың жай-күйі болса, келесісі аудан тұрғындарын жаппай вакциналау мен коронавирустық инфекцияға қарсы емдеу шараларының жүргізілу барысы жайында болды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы О.Мошанов хабарлама жасап, қазіргі аудандағы ахуалға тоқталды.
Жыл басынан бергі көрсеткіш жоғарыда айтып өткеніміздей, 11 науқас коронавирус инфекциясының асқынуынан қайтыс болған. Індетке шалдыққандардың басым бөлігі қала бойынша тіркеліп отыр. Бұдан кейінгі кезекте ауданға қарасты қос кент бойынша тіркелген.  Тиісінше аурулармен жақын байланыста болған 2011 адам үй карантиніне алынған. Олардың арасында 128 адамнан полимеразді тізбектеу реакциясында коронавирус инфекциясына оң нәтижесі анықталған. Бүгінде КВИ стационарда 51 адам ем қабылдап жатқан болса, індет жұқтырғандардың 406-сы толық сауығып шыққан. Десе де жағдай оңалғанша бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Жағдайға байланысты ас-садақа, жиын-той өткізуге қатаң шектеулер қойылып жатыр. Десе де жақынының бір күндік қуанышын мың күндік өкінішке айналдырарын ойламайтын жандар бұл шектеулерге де құлақ асар емес. Бұл мәселеде мобильді группалардың да жұмысы айтарлықтай нәтиже берер емес. Қаланы былай қойғанда, ауылдарда осы кезге дейін той жасау немесе қандай да бір қуанышты атап өту жөнінде ешбір дерек тіркелмеген. Мұнда мобильді группа мүшелерінің жақындыққа тартып, көрдім-білдімге бармауы болып отыр. Аудан әкімі осы мәселені сын садағына алып, тапсырманың орындалуын жауапты қызметкерлерге қатаң тапсырды. Сондай-ақ «Той жасау былай тұрсын, қандай да бір тойда төбе көрсеткен мемлекеттік қызметкерге қатаң шара қолданылады. Тіпті қызметімен де қош айтысуы мүмкін» деді аудан әкімі С.Сермағамбетов.
Ендігі мәселе – вакциналау жұмыстары. Жиын барысында аудандық аурухананың бас дәрігері М.Ршымбетов сөз алып, вакциналау жұмыстары мен коронавирустық инфекцияға қарсы емдеу шараларының жай-күйін баяндап өтті. Аурумен күресте вакциналау шарасының рөлі зор екендігі белгілі. Осы мәселеге байланысты вакциналау жұмыстарын қарқынды қолға алу керек. Қажет болса түрлі жеңілдіктер қарастырып, халық ерікті түрде індетке қарсы егілу керектігі сөз болды жиында. Бұл мәселеге қатысты ауданның бас дәрігері М.Ршымбетов арнайы жедел жәрдем көліктерімен  қоғамдық орындар және қала көшелерін аралап, халыққа вакцина егу жұмыстарын жүргізіп жатқандығын жеткізді. Алайда бұл жұмыстар айтарлықтай нәтиже бермеген. Сөз барысында М.Ршымбетов бір-екі күндікте ауданға 2000 доза «SENOVAC» вакцинасы да келіп жеткенін айтты. Бұл вакцинаның ерекшелігі екпеден кейінгі кезеңдердің жеңіл әрі жайлы өтетіндігінде.
Иә, жағдайға уақытында мән берілмесе, өкініш өзекті өртейтіні сөзсіз. Мұндай жағдайға душар болып, жақынынан көз жазып қалып жатқан жандар да жоқ емес. Демек бұл ауру салғырттықты кешірмейді. Сондықтан әр мәселеге мән бере қарап, вирустың тез таралуына себепші болатын жиын-тойларға уақытша тойтарыс беру керек. Бұл – уақыт талабы. Аудан әкімі штаб отырысында осы мәселелерге терең тоқталып, ахуалға байланысты жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеді.

«Толқын» ақпарат
20 тамыз 2021 ж. 346 0