Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті басшы марапат төрінде

Білікті басшы марапат төрінде

1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күн мұғалімдер мен барлық білім саласы қызметкерлері үшін ерекше күн. Бұл ретте әр жаңа оқу жылын бастаған сәтте мектепке дейінгі білім беру мекемелері де ерекше дайындықпен жұмыс бастайтынын да баса айтқан жөн. Жыл көлемінде санасы ақ парақтай бүлдіршіндерге білім беріп қана қоймай, терең тәрбие беретін бұл ұжымдардың еңбегі өлшеусіз.

Осы орайда мектепке дейінгі білім беруге мемлекет тарапынан да қолдаудың жоғары екенін айта кетейік. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Тәрбиешілер мемлекеттік жалпыға ортақ стандарттарды сақтауға міндетті. Осы ретте мектепке дейінгі білім беру және тәрбие беру сапасын арттыру бағытында Үкіметке бірқатар шараларды қабылдауды тапсырамын. Бұл – басымдыққа ие тапсырма деп біліңіздер» деген сөзі осыған айқын дәлел. Баланың қызығына бөленіп, қызметтің қиыншылығын да елемейтін бұл жандарға қандай құрмет көрсетсе де артық болмайды. Әсіресе ұйымдастыру міндеті аса жауапкершілікке ие.
Иә, биыл дәстүрлі тамыз кеңесі осы ұжымдардың бүгінгі беделі қаншалықты биік екенін байқатты. Еңбегі еленген сала үздіктері қатарында қаладағы «Жазира» балабақшасының меңгерушісі Гүлшат Жалғасбаева да болып, аудан әкімінің Алғысына ие болып, аудан басшысы Серік Сермағамбетовтің қолынан марапат алды. Бұл бір ғана «Жазира» балабақшасының ғана мерейі емес, аудандағы осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан балабақшалар және мемлекеттік емес мектепке дейінгі ұйымдар мен шағын орталықтардың мәртебесі деп білеміз.
 Гүлшат Жақсығұлқызы еңбек жолын өзі туған Қызылжар ауылындағы №81 орта мектептен бастаған. Кейін №66 Шөмішкөл орта мектебінде мұғалім, Арал қаласындағы №83 орта мектебінде психолог, Қызылжар ауылынан ашылған "Рауан" балабақшасының, Шөмішкөл ауылында "Ақбота" бөбекжайының меңгерушісі қызметін атқарды. Ал 2017 жылдың қаңтар айынан бастап Арал қаласындағы "Жазира"балабақшасының меңгерушісі болып абыройлы еңбегімен танылып келеді.
Мұнан бөлек, қоғамдық іс-шараларға да белсенді түрде қатысып, өзіндік ойын, пікірін еркін айта алатын кейіпкеріміздің еңбегін жақсы білеміз. Әсіресе бүгінгі таңда елдегі күрделі мәселелердің ауданда шешімін табу үшін істеп жүрген жұмыстары бас бармақпен бағалауға лайықты. "Nur Otan" партиясы Арал аудандық филиалы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау, жұмыспен қамту мен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау жөніндегі аудандық қоғамдық кеңеске мүше болып, түрлі мәселелерді көтеріп келеді.
Міне, ұзақ жылдар бойы білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Гүлшат Жалғасбаеваның басшылық қабілеті мен қызметтегі біліктілігі аудан жұртшылығына жақын таныс. Бүлдіршіндердің болашағын қалыптастырып, терең білім мен тұрақты тәрбие беру жолындағы еңбегінің бағаланғанымен құттықтай отырып, алдағы уақытта да мерейі үстем болып, өз саласында жемісті еңбек етуіне тілектестік білдіреміз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
01 қыркүйек 2021 ж. 287 0