Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Аспай" суағытқысы арқылы көлдер жүйесін суландыруға қол жеткізілді

"Аспай" суағытқысы арқылы көлдер жүйесін суландыруға қол жеткізілді

Жауын-шашынның аз мөлшерде түсуі мен ауа температурасының өте жоғары болуы және Сырдария өзеніндегі су деңгейінің аз болуына орай биыл ауданымызда қуаңшылық жағдайы қалыптасқаны белгілі.

Бұған қоса соңғы жылдары «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесіне дария суының түспеуі сол маңайдағы жайылымдық, шабындық жерлердің жағдайына әсер етпей қоймады.

Осы ретте "Ақшатау-Қамыстыбас" көлдер жүйесін суландыру арқылы құрғақшылық салдарынан орын алған мал өлімінің алдын алу, қысқы мал азығын дайындау үшін шабындық алқаптың көлемін арттыру бағытында шешім қабылданып, «Аспай» суағытқысын қайта іске қосу, «Бұрмақұлақ» арнасын бөгеу жұмыстарының қажеттілігі анықталды.

Осы орайда 1974 жылы салынған «Аспай» суағытқысы бойынша ағымдағы жылы жауапты мамандардан құрылған жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нəтижесімен нысанның ақау актісі жасалған болатын. Соған сәйкес аталған жұмыстарды іске асыру бағытында шұғыл шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстарды жүзеге асыру үшін облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, бүгінде тиісті жұмыстар толығымен аяқталды.

Айта кету керек, дария арнасындағы суды Аспай су ағытқысы 58-ші деңгейге дейін көтеруге мүмкіндігі болса, Қамбаш және Ақшатау көлдеріне 56-шы деңгейдеканалдарға су түсе бастайды. Ал, Ақлақ су тоспасы тек 52-ші деңгейге дейін суды көтеруге есептелген.

Қазіргі таңда Бұрмақұлақ учаскесінде Сырдария арнасында су деңгейі көтеріліп,Қамбаш және Ақшатау көлдер жүйесі су ала бастады. Бұған қоса Аспай суағытықысының оң жақ қашыртқы каналы арқылы, төменге су тасталуда, яғни, Кіші Арал теңізіне су түсіп жатыр.

Қабылданған шешімдерге жан - жақты есептемелер жүргізіліп, алдағы уақытта дария арнасының төменгі жағына су тастау Аспай су ағытқысы арқылы іске асатын болады.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

03 қыркүйек 2021 ж. 530 0