Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы Президент жолдауын талқылады

Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы Президент жолдауын талқылады

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы Президент Жолдауын талқылады. Teams платформасында өткен жиынға мектептің барлық педагогикалық құрамы, әкімшілік бөлімі мен техникалық қызметкерлері қатысты.
Мемлекет басшысының дәстүрлі баяндамасы әдеттегідей ел дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған маңызды бастамаларды қамтиды. Оның ішінде денсаулық пен білім сапасын арттыруға ерекше мән беріліп, еңбек нарығын жақсарту, саяси жаңғыру мен ұлт бірлігін нығайту шаралары атап көрсетілді.
«Бұл Жолдау мемлекет экономикасының пандемиядан кейінгі даму бағыттарын айқындайды. Атап айтқанда, білім саласы мен әлеуметтік салаларды дамытуға қажетті алғышарттарды статистикалық деректермен нақты көрсетеді. Барлық айтылған бастамалар еліміздің алдағы уақыттағы тұрақты даму прогресін қамтамасыз етері сөзсіз», – дейді тарих пәнінің мұғалімі Нұркен Әбдіжәлиев.
Зияткерлік мектеп педагогтары жолдауда көрсетілген міндеттер бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісе отырып, ұстаздарға жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға бірауыздан дайын екендіктерін жеткізді.
«Мемлекет басшысының ұсынған идеялары қазіргі жаһандық жағдайда аса қажетті болып отыр. Орта мектептердің көптеп салынуы педагог мамандарының маңызын көрсетсе, дарынды балаларды қолдау арқылы жастардың білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттырып, үздік нәтиже көрсетуге мотивация беруі алға ұмтылдырады», – деп ой білдірген мектеп директоры Бахыт Жұматай мемлекеттің зияткерлік әлеуетті қалыптастырудағы әрбір бастамаларының сәтті орындалуында мектептердің үлесі зор екенін атап өтті.
Ел келешегі – білімді жастардың қолында екені сөзсіз. Осы ретте жаңа жағдайға бейімделген оқу бағдарламалары мен реформалары зияткер ұрпақ тәрбиелеп, еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие түлектерді дайындауға ықпал ететіні анық.

kyzylorda-news.kz
07 қыркүйек 2021 ж. 366 0