Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада жыл соңына дейін студенттер жатақханасы пайдалануға беріледі

Қызылордада жыл соңына дейін студенттер жатақханасы пайдалануға беріледі

Қазақстанда осы жылдың соңына дейін 37 жаңа жатақхана пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
БҒМ Қаржы орталығының президенті Асқар Ибраимовтың айтуынша, министрлік студенттер жатақханаларын салу мен қайта құру қарқынын жеделдету үшін жаңа тетіктер әзірледі.
«Атап айтқанда, жатақханалар нысаналы құрылыс және жоғары оқу орындарының өз қаражаты есебінен, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша салынады. Яғни, инвесторлар өз қаражатына жатақхана салады, ал министрлік оларға мемлекеттік тапсырысты орналастырып, студенттің әрбір жатын орнын төлейді», – деді ол.
Ведомство мұндай алгоритм жатақхана санын едәуір арттыруға және студенттердің өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Қазір құрылыс жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында белсенді жүріп жатыр.
Нұр-Сұлтан мен Алматыда жеке инвесторларды қосымша ынталандыру үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін 47 АЕК-тен 92 АЕК-ке дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда. Өйткені бұл қалаларда жатақханаға аса қажеттілік байқалады.
Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімін 8 жылдан 5 жылға дейін қысқарту туралы ұсыныс әзірленді.
Жоғары оқу орындары мүмкіндігіне қарай өз ақшасына да жатақхана салады. Кейбір оқу мекемелері тұрғын үй, жатақхана мен қонақ үйлерді жалға алып, студенттерді соған орналастыруда. Бүгінгі таңда 13 жоғары оқу орны 5 мың студент үшін төсек-орындарды жалға алды, деп толықтырды білім министрлігі.
Ведомство келесі жылы тағы 60-қа жуық студенттер үйін пайдалануға беру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Айта кетері, соңғы үш жылда республикада 85 жаңа жатақхана іске қосылып, 22 мыңнан астам студент қоныстанды.

kyzylorda-news.kz
13 қыркүйек 2021 ж. 331 0