Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысып, жүлде ұтып алыңыз!

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысып, жүлде ұтып алыңыз!

Қазір қолымыздағы ұялыны жанымыздан бір елі қалдырмаймыз. Ұйқыдан көзді тырналап ашып, телефонға жармаса кетеміз. Бұл – жұмыста отырсақ та, жақынымызға қонақтасақ та, той-томалаққа барсақ та қайталанатын үрдіс. Күнделікті күйбең тірлікпен күннің қалай өткенін білмей, үйге жеткенде де бала тыныш болсын деп осы телефонды ұстата қоятындар бар. Бұл кезде бала желінің желкенін есіп, тым тырыс сүйікті фильмін тамашалай кетеді. Ал, оның мұнда көретіні ұлтымыздың ежелден келе жатқан қиял-ғажайып ертегі кейіпкерлері емес, «Марвел» секілді америкалық комикс шығаратын ірі компанияның фантастикалық қаһармандар ерлігі.
Оны кейбірі пір тұтады да. Бірақ, біздің Ер Төстік, Алпамыстарымыз шетелдіктердің жасанды кейіпкерлерінен әлдеқайда артық екені анық. Бұл ретте «бабалар сөзін бала санасына жеткізу, батырлардың ерлігін, батырлар жырын жастар арасында насихаттау кезек күттірмейтін мәселе» дейді «Qazaq epos» қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Дәурен Сейітжанұлы.

 Бұған дейін қордың жаңашыл жобасы аясында «Тұлпар мініп, ту алған» республикалық байқауы ұйымдастырылып, жыр жаттаған жастар миллионер атанған еді. Биыл да дәстүр үзілмеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай аталған қор «Nur Otan» партиясы, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, тағылымға толы сайысты қайта жариялады.⠀Бүгін «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, «Qazaq epos» қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Дәурен Сейітжанұлы мен облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Айжан Қиянбекова байқау талаптарын тарқатып айтты.
Ләйлә Төрешова байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтетінін мәлімдеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіруі тиіс.⠀«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл-білімімен озады» деп ұлы Абай айтқан және ол еш уақыт мәнін жойған емес. Бұл бастама дана сөзді қаперден шығармай, жас та болса жетістіктерімен көзге түсіп жүрген дарынды оқушылардың танылуына жол ашады» дейді Ләйлә Бегалықызы.

Жиында Дәурен Сейітжанұлы рухани дода биыл үшінші рет өткізіліп отырғанын алға тартты. Бұған дейін байқау тек Алматы қаласымен шектелген. Ал, 2019 жылы республикалық деңгейде ұйымдастырылған және бұл байқауда Сыр өңірінен 3000-ға жуық мектеп оқушысы бақ сынауға мүмкіндік алған. Өткен жылы пандемияға байланысты сайыс кейінге шегерілді. Ал, биыл әдебиетке жақын шығармашыл жастар үшін орайлы сәт. Жүзден жүйрік атану, марапат биігінен табылып, сайыстың қомақты жүлдесін еншілеу алғырлар қолында.

– Байқау 25 қыркүйек-25 қараша аралығында өтеді. Қатысушылар «Едіге батыр» жырын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тариxи сөздердің мағынасын ашып, қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов бастаған ғалымдар жырдың Қ.Сәтбаев нұсқасын таңдады. Ол мектеп бағдарламасына толық сәйкес келеді. Байқау кезеңдері бойынша жеңімпаз атанған жастарға және олардың ұстаздарына қомақты қаржылай сыйлық қарастырылған, – дейді Дәурен Сейітжанұлы.
Бұл ретте облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Айжан Қиянбекова Сыр жастарының байқауға қатысуға асық екенін айтты.
Спикерлер аудандық кезеңде І орын еншілегендер 150 мың, ІІ орын 100, ІІІ орын иегері 50 мыңгеге ие болатынын хабарлады. Облыстық-қалалық кезеңде үздік шыққан І орын иегеріне 750 000 теңге, ІІ орынға 350 000, ІІІ орын үшін 200 000 теңге қаржылай  сый қарастырылған. Ал, облыстық (қалалық) деңгейдегі жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне арналған сыйға келетін болсақ, І орынға 1 500 000 теңге, ІІ орын иегеріне 700 000, ІІІ орынды еншілеген қатысушының мұғаліміне 400 000 теңге беріледі.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

syrboyi.kz

21 қыркүйек 2021 ж. 679 0