Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Айбек Тәңірбергенов республикалық жыршы-жыраулар байқауында бас жүлде иеленді

Айбек Тәңірбергенов республикалық жыршы-жыраулар байқауында бас жүлде иеленді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы өз мәресіне жетті.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет жыр додасының жеңімпаздарын құттықтап, жауһар өнерді дәріптейтін байқаудың Сыр елінде бастау алуы рухани сабақтастықты жалғап отырғанын жеткізді.
- Бабаларымыздың таңдайында тат баспаған асыл сөздерін бүгінге жеткізіп, қастерлеп жүрген белгілі жырау Алмас Алматов пен оның дарабоз шәкірттерінің халық қазынасын дәріптеп келе жатқан еңбегі бүгін тағы бір биіктен көрінді.
Мәресіне жетіп отырған жыр додасы – осы сөзіміздің айғағы. Жыраулық дәстүр – қазақтың рухын көтеретін, рухани кемелдігін көрсететін бекзат өнер. Сол өнерді өр үнімен асқақататып, жан-дүниемізге ізгілік пен тазалық тарту еткен бүгінгі байқау қатысушыларына барша тыңдарман атынан алғыс білдіремін. Сонымен қатар, мәртебелі өнерді өз дәрежесінде әділ бағалап, өрен жүйріктерді анықтаған қазылар алқасы мүшелеріне де шын жүректен рахмет айтамын,-деді Серік Ахмет.
Жыр додаға 13 жыр жүйрігі қатысып, бақтарын сынады. Белгілі жырау Алмас Алматов төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Арал ауданынының тумасы, атақты жыршы-жырау Айбек Тәңірбергеновке табысталды. Бас жүлде иегерін облыс әкімінің орынбасары марапаттады.
Байқаудың жүлделі І орны қызылордалық Серік Жақсығұловқа берілсе, ІІ орынды ақтөбелік Демеубай Жолымбетов жеңіп алды. ІІІ орынды Павлодар қаласынан Бөкен Жігер, Қызылорда қаласынан Жақсан Жәнібек және Арал ауданынан Бексұлтан Орынбасар өзара бөлісті. Ал, қалған 7 қатысушыға ынталандыру сыйлығы бұйырды.
Айта кету керек, бас жүлде иесіне 500 мың. теңге табысталды. Ал, І орынға 300 мың, ІІ орынға 200 мың және ІІІ орын иелеріне 100 мың теңгеден берілді.


"Толқын" ақпарат

25 қыркүйек 2021 ж. 522 0