Аудан әкімі жергілікті құрылысшыларды қабылдады
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудандағы құрылыс жұмыстарының жедел әрі сапалы орындалуына атсалысып жүрген жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.
Кездесу барысында құрылысшылар аудан басшысына ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, еркін түрде пікір алмасты. Олар алдымен жұмыс барысындағы мемлекеттік сатып алу, кәсіби мамандар қажеттілігі, құрылыс материалдарын жеткізу сынды мәселелерді өзара талқылап, ортақ ұйғарым шығару үшін аудандық құрылысшылар ассосациясын құруды ұсынып, өңірдегі құрылыс жұмыстарын жергілікті азаматтардың жүргізгені тиімді болатындығын айтты.
Жиында сөз алған аудан әкімі бұл ұсыныстарды қолдайтынын білдірді. Ірі құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мердігерлердің техникалармен қамтылуы, кәсіби мамандардың жеткілікті болуы және айналым қаражаты болуы керек екендігін айтып, ол үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер мен көрсетілетін қолдау шараларының берілу жолдарын түсіндіріп өтті. Осы салаға қатысты қандай да бір жоба ұсынып, ниет білдірген кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан әрқашан қолдау болатындығын жеткізді. Сондай-ақ, аудандағы кәсіптік білім беретін колледждермен тығыз байланыс орнатып, құрылысқа қажетті мамандық алған бітірушілерге сұраныс жолдаудың маңыздылығын айтты.
Аудан басшысы салынатын құрылыс нысандарынан алдын ала хабардар болып, қойылатын талаптарды орындау бағытында жұмыс жасау қажеттігін білдірді. Бұл қандай да бір нысан құрылысын жүргізуде мемлекетік сатып алу жұмыстарының талаптарынан шығу үшін тиімді болмақ.
Бұдан өзге де құрылысшылардың ұсыныстарын тыңдаған аудан басшысы бастысы халықтың игілігіне берілетін нысандардың құрылысын сапалы жүргізудің маңызын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі