Ұстаздар жеңіс төрінде
Мұғалімдер күні мерекесі аясында өткізілгенАрал ауданында білім қызметкерлерінің аудандық спартакиадасы сенбі күні мәресіне жетті. Жас ұрпақтың санасын білім нұрымен нұрландыратын, бүкіл кәсіп атаулының атасы саналатын ұстаздық кәсіпте еңбек етіп жүрген аудандық мектеп мұғалімдері арасындағы бір аптаға созылған спорттық дода қызықты әрі тартысты өтті.
Бірнеше күнге созылған тартысты бәсекеде ұстаздар спорттың футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннис, гір тасын көтеру, арқан тарту, шахмат, дойбы жəне басқа спорт түрлері бойынша сынға түсті. Спартакиадаға қатысқан қатысушылар тартысты ойында өз жауапкершілігін сезініп, жоғары деңгейде алып шықты.
Аудандық спартакиада нәтижесінде жалпы командалық есеппен жүлделі І орынды №220 орта мектеп ұстаздары еншіледі. Осы қуанышты сәтті жеңімпаздармен бірге бөліскен аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова:
– «Дені саудың жаны сау» дегендей, бүгінгі өткізілген спартакиадаға өскелең ұрпаққа үлгі боларлық ұстаздарымыздың тағы бір дәлелі. Мұнан әрі қарай да спорттық сайыстарды жандандырып, облыс, республика көлеміндегі додаларда да жеңіске жетеді деп сенемін. Сайысқа қатысқан барлық ұстаздарға алғысымды білдіремін. Мұның өзі шәкірт үшін де үлгі деп есептеймін. Бұл ұжымның жеңісі білім ордасының 50 жылдық мерейтойы алдында үлкен сый десек те болады, – деп лебізін жеткізді.
Биылғы жыл бұл мектеп үшін жетістікке толы жыл болды. Атап айтар болсақ, мектеп бітірген түлектер арасынан 30 шәкірт грант иегері атанып, мектеп абыройын асқақтатты. Мұның барлығы ұжымның ауызбірлігі мен еңбегінің нәтижесі.
Бұл жөнінде №220 орта мектептің директоры Әліби Әбілбаев:
– Бұл спартакиада аудандық білім бөлімінің бастамасымен өтті. Біздің мектептің ұстаздары олжалы оралды. Біз мұнымен мақтанамыз. Аудандық командада барлық аудан мектептерінің мұғалімдері бар. Бүгінгі жеңістің нәтижесі – барша ұжымның жеңісі. Ұстаздардың ауызбірлігі мен еңбегінің арқасы. Ұстаздарымыздың мәртебесі әрдайым биік болсын, – деп додаға қатысқан мұғалімдерге ризашылығын білдірді.
Қуанышы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық жолда қызмет жасап жүрген біздің әріптестеріміз өздерін тағы да бір қырынан танытты.
Сайыс қорытындысында ұйымдастырушылар тарапынан мектеп ұжымына арнайы диплом, медаль және сый-сияпаттар табысталды.
Айғаным ЖАНСҮГІРОВА,
№220 орта мектеп мұғалімі.