Азаматтық қорғау саласының қызметкерлері марапатталды
Биыл еліміздегі азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 26 жыл толды. 1995 жылдан бастап 19 қазан - Құтқарушылар күні болып атап өтілуде.
Осыған орай, бүгін №3 аудандық мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде салтанатты шара өткізілді.
Аталған шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып:
– «Құтқарушы – батылдықты, қырағылықты, шеберлікті қажет ететін жауапты мамандық. Осы ретте еліміздің азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері халықтың қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою, жедел әрекет ету қағидасы қалыптасып, тиімді жүйе құрылды. Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін» – деп лебізін жеткізді.
Салтанатты жиында тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы міндетін бұлжытпай орындап, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін аудандық өрт сөндіру бөлімінің бірқатар қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Меркелік шарадан соң аудан әкімі өрт сөндіру депосындағы заманауи құтқару жабдықтары мен техникалардың көрмесімен танысып шықты.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі