Аудан әкімі тойхана иелерімен кездесті
Кездесу барысында еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты карантиндік шектеулердің біртіндеп жеңілдеп жатқандығын тілге тиек еткен аудан басшысы бұл ретте арқаны кеңге салуға болмайтындығын ерекше атап өтті. Себебі, қазір дәстүрге сәйкес жасалатын шараларға рұқсат берілгені белгілі. Бұл қауіпті індетті жұқтырып алу қауіпін арттыруға алып баруы әбден мүмкін.
Осы ретте аудан әкімі кез-келген көпшілік басқосуларды өткізгенде бекітілген талаптарды қатаң сақтау мәселесі бірінші кезекте тұру қажеттігі жайлы кеңінен түсіндіріп өтті. Соның ішінде, кәсіпкерлік нысанда қызмет көрсетушілер міндетті түрде вакцинациялаудан өткендігін қадағалау қажет. Сонымен қатар белгіленген тәртіпке сәйкес тойханаға келушілер жасыл мәртебесімен кіруі шарт. Бұл ретте аудандағы кәсіп иелері "Ashyq" жобасын басшылыққа ала отырып, санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз еткені абзал.
Аталған мәселелердің маңыздылығына тоқталған аудан әкімі бұл бірінші кезекте аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екендігін жеткізді. Егер талаптар ескерілмеген жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданатындығын да ескертіп өтті.
Кездесу барысында тойхана иелері өз ой-пікірлерін ортаға салып, аталған бағыттағы шараларды ұйымдастыруда талаптарды сақтауға жұмыс жасайтындықтарын білдірді.
Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрі Алесей Цой Үкімет отырысында 20 қазаннан бастап Қазақстанда карантин шаралары жеңілдейтінін айтты.
«Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын, сондай-ақ ведомствоаралық комиссияның вакцинацияға жататын контингенттің 70%-дан астамын екпемен қамтығанын ескере отырып, 2021 жылғы 20 қазаннан бастап мынадай шараларға рұқсат беру туралы шешім қабылданды:
Келушілер COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғаны туралы құжатты немесе ПТР анықтамасын ұсынған кезде қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік объектілердің пациенттеріне баруға рұқсат беріледі», деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол түнгі клубтардың қызметі тек «жасыл» мәртебесі бар адамдарға арналатынын ескертті.
«Олардың толымдылығы 50%-ға дейін, бірақ «жасыл аймақта» 100 адамнан артық емес, «сары аймақта» 70 адамнан артық емес, «қызыл аймақта» 50 адамнан артық емес болуы шарт.
"Ashyq" жобасына қатысатын бизнес объектілерінің жұмыс уақыты «жасыл аймақта» сағат 03-00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшылары - сағат 05-00-ге дейін, «сары аймақта» сағат 01-00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшылары - сағат 03-00-ге дейін ұзартылады», – деді министр.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі