Аудан әкімі мәслихат депутаттарымен кездесті
Өңіріміздің дамуына үн қосып, аудандағы көкейтесті мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысып келе жатқан депутаттармен арнайы кездесудің маңыздылығына тоқталған аудан басшысы бүгінгі күнге дейінгі жұмыс барысының жай-күйін саралап өтті.
Жаңа қызметке кіріскен бойда өңірдегі түйінді мәселелермен танысып өткен аудан әкімі екі апта ішінде ауданға қарасты 32 елді мекенде болып, жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, мәселелерді көңілге түйіп қайтқандығын жеткізді. Көтерілген мәселелер бойынша бұған дейін де жүйелі жұмыстардың, тиімді ұсыныстардың бар екендігін тілге тиек еткен аудан басшысы бастамалардың жалғасатындығын атап өтті. Дегенмен, ел арасында шешуді қажет ететін мәселелердің әлі де бар екендігін айта келе, әрбір аумақ бойынша жергілікті халықпен келісе отырып ең өзекті деген мәселелерді бірінші кезекте шешу жолында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Атап өту қажет, аудан бойынша жасалған жұмыс сапары барысында бүгінгі күнге дейін аудан әкімінің назарына 207 мәселе ұсынылып, ұсыныстарға сәйкес мәселелерді оңтайлы шешу бағытында жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелген.
Одан әрі сөз тізгінін алған аудандық мәслихат депутаттары Серік Сағитжанұлының бастамаларына сәттілік тілеп, ел игілігіне бағытталған жұмыстарына қолдау танытатындықтарын білдірді. Басқосу барысында бірқатар депутаттар өздерінің аумақтары бойынша тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің тізбегін тарқатты. Соның ішінде қазіргі таңда аудан халқы үшін жұқпалы аурулар ауруханасын жаңадан салу, лас-қалдық суларды төгетін орынды реттеу сынды жұмыстар кезек күттірмейтіндігі айтылып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, оларға жағдай жасау жайында ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу аясында қаузалған мәселелердің көпшілігімен таныс екендігін айтқан аудан басшысы аудан жұртының тұрмысын жақсарту бағытында жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылатындығын айта келе, жергілікті депутаттармен айына екі мәрте бас қосып, ел арасындағы мәселелерді ортаға салып, талдап, шешу бағытында жұмыстар жалғасатындығын жеткізді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі