Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі ауылдарды аралады

Аудан әкімі ауылдарды аралады

Кезекті жұмыс сапар ауданға қарасты Сазды ауылдық округінде жалғасты. Алдымен жөндеуді қажет ететін аудандық маңызы бар Сазды елді мекеніне кіреберіс автожолының жағдайымен танысты. Аталған жолдың құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттамасы әзірленген. Алдағы 2024 жылға дейін республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында ҚР индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігіне ұсынылған.
Жол жағдайын аралап шыкқан аудан әкімі ауылдағы мектеп ғимаратында ауыл ардагерлерімен жүздесіп, жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелерді тыңдады. Ауылдағы негізгі мәселелер қатарында «Самара-Шымкент» трассасы мен Сазды ауылдық округі аралығындағы 23 шақырым жолды асфальттау және елді мекендегі тағзым алаңын күрделі жөндеуден өткізу.
Аталған мәселелердің өзектілігін ескерген аудан басшысы жол мәселесін шешуге күш салатындығын және тағзым алаңын жаңалауға қаржы бөлу бағытында жұмыстар жасалатындығын жеткізді.
Одан әрі мектеп қабырғасында ұйымдастырылған жазғы тынығу лагеріндегі балалардың жағдайын сұрастырып, мектептен түлеп ұшқан үш бірдей алтын белгі иегерлерімен сұхбаттасып, қадамдарына сәттілік тіледі. Болашақта алған білімдерін туған топырағын өркендету жолында жарату керектігін айтты.
Сапар соңында елді мекендегі 40 бүлдіршінді тәрбиелеп отырған «Балауса» балабақшасының және ауылдық клубтың ұжымымен кездесіп, жұмыс барысымен танысты.
Жұмыс сапары Жалғызағым елді мекеніне ұласты. Сексеуіл кентіне қарасты елді мекендегі бастауыш мектебінде ауыл үлкендерімен басқосқан аудан басшысы жергілікті халықтың талап-тілегінен хабардар болды. Айтылған ұсыныстар кезең-кезеңімен шешілетіндігін айтқан аудан әкімі жаңадан салынатын медициналық бекетті салуға белгіленген орынды барып көрді.
Одан кейін Мергенсай ауылдық округінің орталығы Жалаңаш елді мекеніне жол тартқан аудан басшысы бірінші кезекте әлеуметтік нысандардың яғни, ауылдық клуб пен «Желкен» балабақшасының жұмысымен танысып, жай-күйін саралап өтті. Мұнан соң №58 ауылдық орта мектепке ат басын бұрып ауыл ардагерлерімен дидарласты. Ардагерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өңірімізде орын алған қуаңшылық мәселесін талдай келе, №23 сайлау үйінің дайындығын бақылап шықты.
Серік Сағитжанұлы одан әрі округке қарасты Тастүбек ауылына табан тіреп, ең алдымен жері белгіленіп қойған медициналық бекеттің орнына барды. Медициналық бекеттің қажеттілігі зор екендігін баса айтып, мәселені тездетіп шешу жөнінде денсаулық сақтау саласына тапсырма берді.
Одан әрі ауыл ардагерлерімен кездескен аудан әкімі тұрғындардың көкейіндегі біршама мәселелерді тыңдады. Ауылда шешілуі керек бірінші мәселе малға қажетті жем-шөпті алу және ауылдың жақын маңайынан жаңа ұңғыма қазу.
Сондай-ақ таза ауыз су тарту қажет екендігін айтып, қазіргі кездің өзінде су таситын көліктің жағдайы жарамай тұрғанын жеткізді. Осы орайда жергілікті тұрғындар арасында ауыз суды қаншалықты тұтынатындықтарын есептеп қарап, бұл мәселені реттеудің жолын қарастыру жөнінде сала басшыларына тапсырма жүктеді. Соңғы кездері елді мекеннен көшіп кету жағдайлары ұшырасып жатқанын алға тартқан тұрғындар 9-сыныптық мектеп ашуға қолдау білдіруді сұрады.
Сапар соңында арнайы барған ауылдық жерлердігі күрделі мәселелермен толықтай танысып, көзбен көріп шыққандығын айтқан аудан әкімі әрбір аймақ бойынша бірінші кезекте өткір деген мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жасалатындығын атап өтті.









Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
10 маусым 2021 ж. 751 0