Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Сыр беттегі халықтың жағдайымен танысты

Аудан әкімі Сыр беттегі халықтың жағдайымен танысты

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов тиісті сала басшыларымен бірге бірқатар елді мекендерді аралап, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.
Сапарын алдымен Аманөткел ауылынан бастаған аудан басшысы елді мекеннің кіреберісіндегі саябақта ауыл ардагерлерімен жүздесті. Жергілікті халықтың тұрмысы көш ілгері, ілкімді істерге толы екендігін жеткізген ауыл үлкендері қазіргі таңда жергілікті халық үшін аяқ су мәселесі өзекті екендігін айтты. Сонымен қатар Нұртуған Кенжеғұлұлындай атақты ақын, жыраудың туған топырағына жаңа мәдениет үйін салуға ықпал жасауды және Аманөткел ауылы мен мектебінің 100 жылдық мерейтойын атап өту жайын сұрады. Тиісінше аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешуге жұмыс жасайтындығын жеткізді. Осылайша жергілікті жердегі атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайлы пікір алмасқан қазыналы қарттар аудан әкіміне сәттілік тілеп, баталарын берді.
Жалпы ауылдық округ халқы балық шаруашылығына және бақша егуге ден қойған. Жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайтын саябақта қазіргі таңда 600-ге жуық жеміс ағаштары мен 650-ден астам әр түрлі тал егілген.
Ауылды аралап өткен аудан басшысы одан әрі Н.Кенжеғұлұлының кесенісімен және ауылдық мәдениет үйінің жай-күйімен танысты. Аудандық мәдениет саласының көшін бастап тұрған, 1976 жылы іргесі қаланған 240 орындық мәдениет үйінің жағдайы сын көтермейді. Мәселені көзбен көрген аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстар басты назарда болатындығын айтты.
Мұнан соң Аманөткел елді мекенінің тұсындағы Аспай су тоспасы мен Бұрма құлақ басына арнайы барып, дария суының жай-күйімен танысты. Аспай су тоспасы «Қамбаш және Ақшатау» көлдер жүйесін суландыру мақсатында 1974 жылы салынған. Биылғы су тапшылығына сәйкес ауылдық округ аумағындағы көлдер жүйесін суландыру мақсатында осы су тоспаны пайдалану үшін дария арнасын уақытша топырақпен бекіту жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Алайда, аудан басшысы бұл шараларды жүзеге асырудың тиімділігін анықтау бойынша әлде де сала мамандарымен зерделеу жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына назар аудару керектігін ескертті.
Сапар Аманөткел ауылдық округіне қарасты Аққұлақ ауылында жалғасты. Аудан әкімі ауылдағы су айдау станциясына бас сұғып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қазіргі таңда елді мекенде тұрғын үйлерге су құбырын жүргізу және су қоймасы, су айдау станциясы мен аумағын, бақылау пунктін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қызу жүргізілуде. Елді мекендегі ендігі мәселе ауылға кіре беріс жолдың жағдайы. Тұрғындардың айтуынша күз-қыс айларында жол қатынасы қиындап, тіптен тоқтап қалатын кездер де болатындығын айтып, жол мәселесін шешіп беруді сұрады.
Қазіргі таңда аудандық маңызы бар «Аққұлақ елді мекеніне кіре беріс» автожолының құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Аталған жолды 2021-2024 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министірлігіне ұсынылып, нәтижесі күтілуде.
Бөген ауылдық округінде жалғасқан жұмыс сапары барысында аудан әкімі Бөген елді мекеніндегі апатты жағдайдағы ауылдық клуб пен «Айдын» балабақшасында болып, ескі ғимараттардың жағдайына куә болды. Бүгінде аудан тарапынан ауылдық клубтың экономикалық техникалық негіздемесі жасалып, жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу бағытында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына арнайы өтінімдер ұсынылған.
Апатты нысандардан кейін бос тұрған көне №20 мектеп ғимаратында ауыл ардагерлерімен басқосқан аудан әкімі ауылдағы өзі көріп өткен өзекті мәселелерді кеңінен талдап, тиімді жұмыстарды жүзеге асыру бағытында ұсыныстарын тыңдады.
Одан әрі Қарашалаң елді мекеніне ат басын бұрған Серік Сағитжанұлы ауылдық клуб ғимаратында ауыл тұрғындарымен дидарласып, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қазіргі өңірдегі қуаңшылық мәселесін реттеу бағытында қолға алынып жатқан жұмыстардың барысын баяндап өтті. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар ауылдық клубты жаңарту мен Сағымбай каналындағы ақауды ретке келтіру жөніндегі ұсыныстарын білдірді. Бүгінде «Бөген-Ақлақ» бағыты бойынша Қарашалаң ауылында 20,52 шақырым жолды асфальтау жұмыстары бастау алған.
Сапар соңында аудан әкімі «Ақлақ» су тоспасына табан тіреп, су деңгейі төмендеп кеткен тоспаның жай-күйін қарап, тиісті сала мамандардың ой-пікірлерін тыңдады.
Жалпы аудандағы биылғы қуаңшылық жағдайы өңір халқы үшін де, аудан табиғаты үшін де оңайға соқпай отыр. Осы ретте Сыр беткейдегі ауылдарды аралап өткен аудан әкімі табиғаттың тосын мінезінен орын алған қиындықтарды сейілту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжей талдап өтіп, сапар барысында айтылған әрбір ұсыныс-пікірлер ескерілетіндігін жеткізді.







Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
07 маусым 2021 ж. 448 0