Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария өзеніндегі су деңгейінің мәселесі партия алаңында қаралды

Сырдария өзеніндегі су деңгейінің мәселесі партия алаңында қаралды

Облыстық партия филиалында өткен аймақтық Экология жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында Сырдария өзеніндегі су көлемінің жағдайы туралы мәселе жан-жақты қаралды.
Отырысты қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрбол Аппазов ашып, жүргізіп отырды және жиынға облыстық мәслихаттағы партия фракциясының мүшелері ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде қатысты.
Жиынға қатысқан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова партияның Сайлауалды бағдарламасының «Қайырымды қоғам – таза экология» бағытында табиғатты қорғау бойынша кешенді шаралар белгіленгенін, олардың қатарында Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау мәселелері де бар екенін және ол шаралардың Жол картасына сәйкес мерзімдерде жүзеге асырылатынын айтты.
Кеңестің күн тәртібінегі мәселеге орай ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов және «ҚазСуШар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров хабарлама жасап, 2021-2022 жылдарындағы қыс-көктем айларында Шардара су қоймасының болжамдық жұмыс кестесі жасалғанын айтып, ҚР Су ресурстар комитетіне ұсыныстар жолданғанын жеткізді және Шардара су қоймасының болжамдық жұмыс кестесі Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өтетін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының а.ж. қараша айында өтетін 81-ші отырысында нақтыланатынын тілге тиек етті.
«Шардара су қоймасын су тастау және толтыру режимі Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан су қоймаларының жұмыс режиміне және көрші елдердегі су шаруашылығы жағдайына байланысты. Бүгінгі таңда Шардара су қоймасы толтыру режимінде жұмыс істейді. Су қоймасынан суды ағызу 50 м3/сек ағынмен жүзеге асырылады, келген судың көлемі 140 м3/сек құрайды» – деді «ҚазСуШар» ЖШС Қызылорда филиалының басшысы Жорабек Нұрымбетов.
Жиынға қатысушылар тарапынан Көкарал бөгетін қалпына келтіру жұмыстары туралы сұраққа, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов: «Көкарал бөгеті жағдайының ҚР Үкіметінің бақылауында тұрғанын, бөгетті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге биылғы жылы жобалық сметалық құжаттарын сараптамадан өткізуге республикалық бюджеттен 10 млн теңге қаржы бөлінгенін және аталған жұмыстар сараптамадан өтсе Көкарал бөгетінің құрылысын тез арада бастап кетуге республикадан қаржы сұралатынын атап өтті.
Жиында сөз алған кеңес мүшелері өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және экологиялық ахуалы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты екенін алға тартып, мәселенің шешілу жолдары бойынша өз ұсыныстарын айтты. Жауапты мекеме өкілдері кеңес мүшелері мен фракция мүшелерінің берген ұсыныстары бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілетінін және Сырдария өзені жағдайының жергілікті атқарушы органдардың қатаң бақылауында тұрғанын жеткізді.
Партия филиалы өз тарапынан жиында айтылған барлық ұсыныстарды республикалық Экология жөніндегі қоғамдық кеңес назарына ұсынып, Көкарал бөгетін қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлуге қолдау білдіру туралы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясы мүшелеріне арнайы хат жолдайтын болады.

kyzylorda-news.kz
20 қазан 2021 ж. 379 0