Әкімдерге өңірлердегі вакциналау қарқынын арттыру тапсырылды
ҚР премьер-министрі Асқар Мамин елдегі екпе салдырудың қарқыны төмендегенін айтып, әкімдерге халық арасында вакцинацияны ұлғайтуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазіргі уақытта 8,2 млн-нан астам адам бірінші компонентпен, ал екіншісімен - 7,4 млн-ға жуық адам егілді. Көріп отырғанымыздай, вакцинация қарқыны төмендеді. Бірінші кезекте артта қалған өңірлерде екпе салдыруды ұлғайту керек», деді Мамин.
Ол Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдері бұл мәселені жеке бақылауға алып, қажетті вакциналауды қамтамасыз етуі қажет екенін айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай бақылауда, алайда көрші елдердегі жағдайдың күрделенуі байқалады.
«Сондықтан өңірлердің, әсіресе шекара маңындағы өңірлердің әкімдері санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Сырқаттанушылық деңгейіне нақты мониторинг жүргізу және жедел шаралар қабылдау, мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру, ал денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекарада эпидемиологиялық бақылауды күшейтсін», деп түйіндеді Премьер-Министр.