Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі жөнінде комиссия отырысы өтті
Кеше сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның қорытынды отырысы өткізілді. Комиссия отырысына аудан әкімі С. Сермағамбетов төрағалық етті.
Жиынға комиссия мүшелері, дербес бөлімдер және құқық қорғау органдарының басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Комиссия отырысының күн тәртібінде 2 мәселе қаралды.
Алдымен күн тәртібіндегі мәселеге сәйкес «Жыл қорытындысымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау бойынша жүргізілген жұмыстар туралы Арал қаласының әкімі Е. Талекенов және Жақсықылыш кентінің әкімі П. Берсүгіров хабарлама жасады. Баяндамашылар Арал қаласы мен Жақсықылыш кентінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, алдын алу бағытында атқарылған шаралар мен өткізілген түсіндірме жұмыстарына тоқталып өтті.
Комиссия төрағасы Арал қаласында жер телімдерін табыстау мәселесі төңірегінде тұрғындар тарапынан көптеген шағым түсетінін айтып, аудандық жер комиссиясының отырысына қала әкімінің қатысып, талқыланатын әрбір мәселені зерттеп, қолданыстағы заңнама талаптарына сай шешілуі үшін жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар, қала әкімі аппараты мен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімінің басшыларына бөлім тарапынан тұрғындарға қызмет көрсету жағдайында тікелей функцияларын заң шеңберінде атқарып, келген азаматтарға сыпайылық танытып,түсініктеме жүргізуіне қатаң бақылау жасауды тапсырды.
Бұдан бөлек барлық бөлім басшылары мен қала,кент, ауылдық округ әкімдеріне жеке және заңды тұлғаларға жер телімдерін табыстау рәсімдері заң аясында жүргізілуі қажеттігін, ішкі талдау жұмыстарына салғырт қарамай, сапалы жүргізуді ескертті.
Мұнан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе 2021 жылғы аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы мен 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту жөніндегі аудан әкімі аппаратының басшысы Н. Бохаевтың хабарламасы тыңдалды. Н. Бохаев өз хабарламасында бекітілген жоспарға сәйкес берілген тапсырмаларды мерзімінде орындамаған бөлімдер мен ауылдық округтерді атап өтті. Осыған сәйкес аудан әкіміне жауапты мамандар мен басшыларына жыл қорытындысымен жасалатын мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау жұмыстарын төмендетуді ұсынды.
Аудан әкімі бұл ұсынысты қолдайтындығын білдіріп, алдағы мереке күндері қызметкерлердің тәртіптік жағдайын және қызметтік автокөліктердің қозғалысын қатаң бақылауды жүктеді. Сонымен бірге, барлық мекеме басшыларына қызметкерлер арасында еңбек тәртібінің сақталуын, масаң күйде болмауын, автокөлік басқармауын, сыйлық беру, алу жағдайларын болдырмау үшін арнайы жиын өткізу қажеттігін айтты.
Жиын соңында комиссия мүшелерінің келісімімен 2022 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі