Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

Гүлшара Әбдіқалықова Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр халқын Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.
Қадірлі жерлестер!
Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік мерекесі 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні баршаңызға құтты болсын!
Әлемдегі әр халықтың өз дәуірлеу тарихы болса, сол кезеңде басшылық еткен тұлғаның да істеген ісі мен ізі қалады.
Биыл – Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл!
Бүгінде жаңарған, жаңғырған Қазақстанның осы жылдар ішіндегі шыққан биігін барша әлем Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланыстырады. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесі – тәуелсіздік шежіресіндегі ең маңызды даталардың бірі.
Биыл бұл атаулы мемлекеттік мерекеге 10 жыл толуда.
Еліміздегі әрбір адамның Тұңғыш Президентпен кездесіп, қолын алып, өз атына жақсы сөз айтқанын есітуді армандамағаны кемде-кем деуге болады.
Кеше мемлекеттік мерекеге орай өткен «Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстан: Өркендеудің 30 жылы» атты конференция барысында баяндама жасаған азаматтардың Елбасымен кездесуін, шет мемлекеттерде өздеріне Қазақстан, Назарбаев деп зор құрмет көрсетілгенін ерекше ілтипатпен айтқан сөздерінен елі, жері, Президенті үшін мақтанышты сезіндім.
Әрине, сенің туған еліңді, оның Бірінші Басшысын өзгелер біліп, мойындап жатса, жүрегіңді қалайша қуаныш сезімі кернемесін?!
Британдық мемлекеттік және саяси қайраткер, көрнекті тұлға Уинстон Черчилльдің «Сұңқар желдің ағынымен емес, желге қарсы биік ұшады», – деген сөзі бар.
Тәуелсіз мемлекетіміздің бір формациядан екінші формацияға өту, қалыптасу жылдарында Елбасы елін сын-қатерлерге соқтықтырмай, жағада қалдырмай, бүгінгідей жаңа Қазақстан болуы жолында шексіз еңбек етті.
Сондықтан да, тәуелсіз ел ретінде өркендеуіміздің 30 жылындағы Елбасының ерен ерлігі мен еңбегін ұрпаққа ұлағаттаудың жас өркенді Отанын сүюге, оның болашағына аянбай қызмет етуге тәрбиелеуде маңызы зор деп түсінемін.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын!
Елін сүйген кемеңгер Елбасымыз егемен елімен бірге жасай берсін!

kyzylorda-news.kz

01 желтоқсан 2021 ж. 336 0