Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Семинар өтті

Семинар өтті

Жуырда «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалының ғимаратында кәсібін енді бастап жатырған кәсіпкерлердің қатысуымен «Кәсіп түбі-береке» атты семинар өтті. Семинар ел тұрғындарын кәсіп көзін ашуға бейімдеу, осы арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу және бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайту мақсатында ұйымдастырылды. Басқосуды ашқан аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов:
-облыс әкімі Қ.Көшербаев аймағымызда биылғы жылды жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялап және жуырдан бастап оны тағы да үш жылға ұзартқан болатын. Атаулы жыл аясында ауданымыздың біршама тұрғындары да кәсіпкерлік негіздеріне бағытталған оқу курстарынан өтіп, өздерінің білімдерін шыңдады. Мәселен, 100-ден аса азаматымыз жалпы құны 1 млрд-қа жуық жеңілдетілген несие алып, мемлекеттен беріліп жатқан көмектің игілігін көруде.Дәл бүгінгі уақытта кәсіп ашамын, жанұямның нәпақасын арттырып, ауқатты өмір сүруге ұмтылыс жасаймын деген азаматтарға әкімдік тарапынан ешқандай кедергілер жоқ. Оларға әрдайым кәсіптің алғы шарттарына қатысты жер телімінің құжаттарын рәсімдеу, электр энергиясына, газ желісіне, су құбырына жедел келісім алу үшін қажетті көмектер көрсетіліп отырады. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап аймақ басшысының қолдауымен облыста кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылды. Аталған орталықтың негізгі міндетіне жоғарыда айтылып өткен барлық келісім процедураларын жүзеге асыру қызметі жүктелген-деді.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары  осы орайда бүгінгі күні өз жұмысын аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің жанында орналасқан кеңседен бастап жатырған орталық маманы Гаухар Исақызымен көпшілікті таныстырды. Маманның негізгі қызметі де-жас кәсіпкерлерге меншікті кәсіп түріне байланысты өзінің кеңесі мен бағыт-бағдар беру.
Еркін форматта негізделіп ұйымдастырылып өткізілген семинарда бизнес-тренер Арыстанбек Бақытұлы кәсібін дөңгелентемін деген кәсіпкерлерге осы салаға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кәсіп жасаудың барлық алғы шарттары мен одан күтілетін түпкілікті нәтижелер туралы бизнес-тренер сөзінен соң, көпшілік ұсыныс пікірлерін білдіріп, сұрақ жауап алмасты. Басқосу  соңында аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов семинарға қатысып белсенділік танытқаны үшін бір топ кәсіпкерді аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Света Үсенқұлова
29 тамыз 2018 ж. 1 126 0