Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі жұмыс сапарымен Сексеуіл мен Аққұм ауылдық округінде болды

Аудан әкімі жұмыс сапарымен Сексеуіл мен Аққұм ауылдық округінде болды

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен Сексеуіл кентінде болды. Сапар барысында алдымен кент көшелеріне жүргізілген жарықтандыру жұмыстарымен танысты. Өткен жылы кенттегі 6 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылған болатын.

Одан кейін кенттен алты шақырым қашықтықтағы мал жайылымы үшін қазылған «Қаракөл» су ұңғымасына барды. Қазіргі таңда 300 метр тереңдікте қазылған ұңғымасынан төңіректегі шаруалардың малдары суаттайды. Алдағы уақытта малдарға су ішуге ыңғайлы болу үшін астау орнатылатын болады.

Мұнан соң аудан басшысы кент орталығындағы «Алтын» сауда үйіне барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бағамдап шықты. Сөреге қойылған халық тұтынатын заттарды аралап көрген соң, сауда үйінің иесіне азық-түлік өнімдерінің бағасын белгіленген шекті бағадан асырмау қажеттігін айтты. Меншік түріне қарамастан бұл өнімдердің бағасын еселеп арттырғандарды арнайы орындар қадағалайтынын және заң жүзінде шара көрілетіндігін ескертті. Сонымен бірге халықтың жағдайына қарайлап, келісіп жұмыс жасау қажеттігін айтты. Ал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысына алдымен осындай ірі сауда орындарында өнімдердің жеткілікті мөлшерде болуын қадағалауды тапсырды.

Аудан басшысы бұдан бөлек кенттегі электр желілеріне жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарын көріп шықты. Аудандық электр торабын тарату мекемесінің басшысы электр желілерінің ескіруіне байланысты атқарылып жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының барысын түсіндіріп өтті. Жоба бойынша өткен жылы бастау алған жұмыстар өтпелі негізде биыл да жалғасын табады. Өткен жылы 9 көшенің әуе желісі жаңартылса, биылғы жылы 10 көшенің желісі жаңартылып, 2 қосалқы станция мен темірбетонды тірек бағаналар орнатылатын болады. Жасалып жатқан жұмыстарды көрген соң аудан әкімі барлық жұмыстардың талаптарға сай, сапалы орындалуын тапсырды. Сонымен бірге, кенттегі бірнеше көшелерде электр қуаты қысымының бірқалыпты болмауынан тұрғындардың тұрмыстық техникалары жарамсыз болғандығы туралы шағымдар түскен. Осыған орай, аудандық электр торабын тарату мекемесінің басшысына мұндай жағдайларға жол бермеу қажеттігін айтып, қатаң бақылауға алуды жүктеді. Сондай-ақ, кенттегі «Қазақтелеком» мекемесінің бағаналарындағы телефон желілерінің төмен орналасқандығын айтып, көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін жауапты мекемеге жоғары көтеру керектігін ескертуді тапсырды.

Мұнан кейін ағымдағы жылы кент көшелеріне жүргізілетін жол жөндеу жұмыстарымен стенд арқылы танысты. Биылғы жылы кенттегі темір жол өткелі мен № 231 мектеп аралығындағы автожолды орташа жөндеу жобасы қолдау тауып, республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Сондай-ақ, 16 көшеге орташа жөндеу жүргізу үшін жоба сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға жолданды.

Аудан басшысы Сексеуіл кентінен кейін Аққұм ауылдық округінен қазылған «Шәден» су ұңғымасына барып, қазіргі жағдайымен таныс болды. 250 метр тереңдікте қазылған бұл ұңғымадан да кермек су шығуда.

Атап өтейік, Сексеуіл кентінде және Аққұм ауылдық округінде ұңғыманың басында болған ардагерлер ризашылықтарын жеткізіп, алдағы уақытта тиімділігі зор болатындығын айтты. Сонымен бірге мүмкіндігіне қарай тағы да бір ұңғыма қазып беруді сұрады. Айтылған ұсыныстардың орынды екендігін айтқан аудан басшысы алдымен аудандағы қажеттілігі жоғары ауылдық округтерден су ұңғымаларының қазылатындығын айтып, кезектілігіне сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетінін түсіндірді.



"Толқын" ақпарат 
21 қаңтар 2022 ж. 310 0