Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды

Аудан әкімі С.Сермағамбетовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Жиынға дербес бөлім басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және ауылдық округ әкімдері «ZOOM» платформасы арқылы қатысты. Кеңес отырысында аудан бойынша кәсіпкерлік саласын дамыту мәселесінің барысы талқыланды.

Аудан әкімі С. Сермағамбетов ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі – кәсіпкерлік саласы екеніне тоқталып, аудандағы кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару маңыздылығын атап өтті.

Кеңес барысында кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ренат Қуанғанұлы кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстар және проблемалық мәселелер туралы баяндады. Қазіргі таңда аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 4470 бірлікті құрап, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 9,3 пайызға өскен. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 4005 бірлікті құрап, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 7,9 пайызға өсім көрсеткен. «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын гранттық қаржыландыру жобасы арқылы 4 жоба, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 430 жобаға грант қаражаты берілген. Өткен жылдың қортындысымен жалпы қаржы институттары арқылы 179 жоба несиелендіріліп, 507 тұрақты жұмыс орындары құрылған.

Аудан басшысы баяндамашыны тыңдаған соң, ауылдық округтер тарапынан ұсынылған жобалардың басым бөлігі грант қаражатын алуға бағытталғанын айтып, сауда, қызмет көрсету салаларына қарағанда өндіріске арналған жобалар ұсынылуы қажет және халықтың қажеттілігін қамтамасыз ететін жобаларды жүзеге асыруға жұмыс жасау керектігін айтты. Жауапты орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне кеңестің екінші отырысына дейін ағымдағы жылы іске асырылуы нақты жоспарланған жобаларды қайта ұсынуды тапсырды.

Сонымен қатар мемлекеттік грант қаражатын алып, көп уақыт өтпей өз кәсіпкерлігін тоқтатқан азаматтар көп екендігін ескертіп, бағдарламаның нәтижелі іске асырылуын қатаң бақылауға алып, мониторинг жұмыстарын ұйымдастыруды және конкурстық комиссия құрамын қайта жасақтау керектігін айтты.

Бұдан бөлек, аудан көлемінде индустрияландыру бағытында 2022 жылы іске асырылатын жобалар аясында құрылатын жаңа жұмыс орындарына тоқталып, жергілікті азаматтарды тиісті мамандықтар бойынша оқытып, қажетті мамандарды даярлау үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

Мұнан кейін аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Нұрсәуле Сайлауқызы кәсіпкерлікті дамыту және кәсіпкерлерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында қосымша баяндама жасады.

Баяндамашыдан соң проблемалық мәселелерді сұраған аудан әкімі жауапты мамандарға қала, кент және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, кәсіпкерлігін уақытша тоқтатқандарға қайта жұмыс жасату бойынша шаралар қабылдауды, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы мақсатында берілетін жер учаскелерін кәсіпкерлерге аукцион тәртібін тиімді әрі ашық түрде электронды форматта заң аясында жүргізуді жүктеді.

Жиын соңында аудан басшысы несиелендіру бойынша өткен жылдың қортынды рейтінгісінде төменгі көрсеткіште тұрған ауылдық округтерге жұмысты осы бастан күшейтіп, ауданның несие портфелін қалыптастыру мақсатын тиісті шаралар қабылдау керегін ескертті.


Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі



17 ақпан 2022 ж. 557 0