Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің кезекті іссапары Сапақ ауылдық округінде жалғасты

Аудан әкімінің кезекті іссапары Сапақ ауылдық округінде жалғасты

Кеше аудан әкімі С. Сермағамбетов Сапақ ауылдық округінде болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жағдайын көріп, жергілікті тұрғындармен кездесіп қайтты.

Алдымен ауылдық округ әкімі аппаратының ғимаратын аралап, жұмыс барысымен танысып шықты. Мұнан кейін округтегі 800-ден аса адамға дәрігерлік қызмет көрсететін медициналық бекеттің жағдайын көріп, қызметкерлерден тұрғындардың денсаулық жағдайын және қазіргі таңдағы вакцинация мен ревакцинацияның қалай жүріп жатқандығы туралы сұрады.

Одан әрі аудан басшысы 3-6 жас аралығындағы 20 ға жуық бүлдіршінді тәрбиелеп отырған «Жадыра» жеке бөбекжай балабақшасында болды. Жеке балабақша қазіргі таңда 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Айта кету керек, балабақша ғимараты барлық талаптарға сай етіп жасалып, бүлдіршіндердің жатын орындары мен тәрбиеленетін бөлмелері қажетті құрылғылармен жабдықталған. Бұдан бөлек ойын, кір жуатын, тамақтану және медициналық қызмет көрсету бөлмелері бар.

Мұнан соң аудан әкімі ауылдық округтегі 130 -дан аса оқушыға білім беріп отырған №69 орта мектептің жағдайымен танысып, аталған ғимаратта ауыл тұрғындарымен кездесті.

Алдымен өткен жылы өңірдің барлық саласындағы атқарылған жұмыстар жайында баяндап, алдағы жоспарлармен де бөлісті. Ауылшаруашылық саласы бойынша мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және балық шаруашылығында қарқынды жұмыс жасау керектігін айтып, алдағы уақытта осы үш бағыттағы жасалатын ауқымды жұмыстар жайын жеткізді. Бұдан бөлек өткен жылғы жұмыстар негізінен қуаңшылықты еңсеруге бағытталғанын және осы реттегі атқарылған толымды тірліктерді атап өтті.
Өз кезегінде тұрғындар жергілікті жердегі шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелерді ортаға салды. Ең алдымен 2004 жылы асар әдісімен салынған мектептің орнына жаңа білім ошағын салу мәселесін ұсынды. Мұнан соң ауылдық округтегі медициниалық бекеттің ғимараты ескіргендігін айтып мүмкіндігінше биылғы жылға жаңа бекет салып беруін сұрады. Сонымен қатар ауыл ішіндегі электр бағаналарының сымдары төмен орналасқандығы және теміржолдың екінші бетіндегі электрлік қуаты аз трансформаторды жаңалау керектігін жеткізді.

Аудан басшысы аталған бірқатар мәселелерді тыңдаған соң, жаңа мектеп ғимаратын салу мәселесі бойынша облыстық білім басқармасына ұсыныс берілгендігін айтып, алайда бұл ұсыныстың жауабын күтіп отырмай, демеушілер есебінен жаңа мектеп ғимаратының жоба сметалық құжаттамасын биылғы жылы дайындауға жұмыс жасайтындығын жеткізді. Ал, ауылдық округке жаңа медициналық бекет салу мәселесі жоспар бойынша бірінші кезекте тұрғанын білдірді. Ауыл ішіндегі электр бағаналары мен трансформаторды жаңалау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта шешімін табатындығын айтты. Кездесу соңында ауыл тұрғындары аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға өз ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.




Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 

18 ақпан 2022 ж. 503 0