Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Серік Сермағамбетов Сапақ, Аралқұм, Ақирек, Қамыстыбас ауылдық округінде болды

Серік Сермағамбетов Сапақ, Аралқұм, Ақирек, Қамыстыбас ауылдық округінде болды

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов бірнеше ауылдық округтерді аралап, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Алдымен Сапақ ауылдық округіндегі №69 орта мектебінде болды. Мектеп ауласында ардагерлермен кездесіп, ауылдағы өзекті мәселелерді талқылады. Аудан басшысымен жүздескен тұрғындар бұған дейін де қозғалып келе жатқан 2004 жылы асар әдісімен салынған мектептің орнына жаңа білім ошағын салу мәселесін ұсынды. Бұдан бөлек Көктем елді мекеніне ауыз су мен жол қажеттігі айтылды. Аудан әкімі ұсыныстардың назарға алынып, тиісті жұмыстар жасалатындығын білдірді.

Одан соң Аралқұм ауылдық округінде болған аудан басшысы апатты деп танылған ауылдық клубтың жағдайын көріп, ауылдық округ әкімі аппаратының ғимаратында тұрғындардың ұсынысын тыңдады. Аралқұмдықтар жарықтандыру және Батыс Еуропа Батыс Қытай автожолының бойындағы мектеп тұсына бақылау камерасын орнатуды сұрады. Мұнан кейін №61 орта мектебі мен шағын орталығының және Шөміш елді мекеніндегі №263 орта мектебіне барып, білім беру мекемелеріндегі сынып бөлмелерін аралап, жұмыс барысымен танысты.

Аудан әкімінің келесі аялдаған жері Ақирек ауылдық округіндегі тазалау және гидротехникалық құрылғыларды жөндеу жұмыстары жүргізілетін Шолақарық каналы болды. Ауылдық округтің экологиялық жағдайын және сумен қамтамасыз етілуін жақсарту үшін каналды тазалап, жөндеуден өткізетін мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жұмыстарды уақытылы бастап, тиянақты жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, ауылдағы № 63 орта мектептің жұмысымен танысып, ғимарат ішінде ардагерлермен жүздесті.

Ауылдық округтерді аралау барысында Қамыстыбаста болған аудан әкімі ауыл мектебіне ат басын бұрып, ауыл ардагерлерімен кездесіп, хал-жағдай сұрасып, тұрғындармен пікірлесті. Тіректі елді мекендер қатарына енетін Қамыстыбастағы №21 орта мектебінде оқушылар санының өсуінен ғимараттың сыйымдылығы азайып, қосымша ғимарат қажеттілігі туындауда. Осыған орай, аудан әкімі білім ошағына 100 орындық қосымша жапсаржай салу мәселесі қаперге алынатынын жеткізді. Аудан басшысы Қамбаш көлінің жағасына барып, қазіргі жағдайын көрді. Сырдария арнасымен келетін су мөлшерінің төмендеп келуі салдарынан Қамыстыбас көлі жағадан айтарлықтай тартылып кеткен.

Одан кейін «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында болып, жаңа өзгерістер мен алдағы атқарылатын жоспарлармен танысты. Түлектерді ҰБТ-ға дайындау және оқушылардың жазғы демалысын үйлестіретін орталық соңғы үлгідегі робототехника және бірнеше негізгі пән кабинеттерімен жабдықталған.

Осылайша ауылдық округтерді аралап, жағдайға қанық болған аудан басшысы тұрғындарға қыс-көктем мезгілінде жауын-шашын аз түсуі салдарынан болған қуаңшылыққа байланысты жем-шөп тапшылығын болдырмау мақсатында кәсіпкерлермен бірлесіп, көршілес аудандардан жоңышқа шөбі жеткізіліп жатқандығын айтты.














Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
03 маусым 2021 ж. 992 0