Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда өртенген ұшақ туралы тың ақпарат жарияланды

Аралда өртенген ұшақ туралы тың ақпарат жарияланды

Бүгін сағат 12.10-да Арал ауданы маңына АН-2 ұшағы қону кезінде өртке оранды. Оқиға орнына 2 техника, 9 қызметкер көмекке келді. Ал, ұшақта болған 2 экипаж мүшесі мен 1 фельдшер дін аман, Арал ауданына жеткізілді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев мәлімдеді.

«Қызылорда әуежайынан сағат 09.30-да «Тараз Жаңа Әлем» әуе компаниясына қарасты АН-2 ұшағы санавиацияның тапсырмасы бойынша ұшқан. Қалың тұман басып, көру мүмкіндігі шектелгендіктен Арал қаласынан 21 шақырым жердегі ашық алаңға қонған. Алайда, батпақты жерде ұшақ аударылды. Ішіндегі азаматтар дер кезінде сыртқа шығып үлгерген. Артынша ұшақ отқа оранған», – деді Саид Молдақараев.
Ұшақтағы борт командирі, ұшқыш көмекшісі және фельдшердің жағдайы жақсы, зардап шеккендер жоқ. Ұшақ құлау салдарынан өртке оранған деген тұжырым жасалуда.
Оқиғаны нақтылай жеткізсек, таңертеңгі сағат 08.50-де жедел жәрдемге Арал ауданынан хабарлама түскен. 16 жастағы жасөспірім І-типті қант диабетіне шалдығып, кетацидоз диагнозымен ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылған. Дереу облыс орталығына жеткізілуі тиіс болатын.
Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Алмат Құрманғалидың айтуынша, бүгінде науқастың жағдайы тұрақты. Тағы бір жедел медициналық авиацияның көлігі жолға шықты. Сол автокөлікпен бала да облыстық ауруханаға жеткізілмек.
Айта кету керек, АН-2 ұшағы 1987 жылы шығарылған. 2021 жылдың қараша айында тексерістен өткен.

kyzylorda-news.kz
23 ақпан 2022 ж. 323 0