Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Бөген және Қарашалаң елді мекенінің тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Бөген және Қарашалаң елді мекенінің тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі С. Сермағамбетов Бөген және Қарашалаң елді мекендеріне барып, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Аталған елді мекендерге жасаған сапары барысында алдымен дәрігерлік амбулатория мен медициналық бекет ғимараттарын көріп, тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық қызметтермен танысты.

Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан басшысы өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндады. 2021 жылы жүргізілген санақ барысында халық санының өсім алғанын және 13 ауылдық округ әкімінің сайлауы өткізілгенін тілге тиек етті. Мұнымен бірге пандемиямен күреске және қуаңшылық салдарын жоюға байланысты жүргізілген жұмыстардан хабардар етіп, олардың биылғы жылы да жалғасын табатындығын мәлімдеді. Өңірде ауылшаруашылығын дамытуға арналған жол картасы бағдарламасы бекітілгенін, соған сәйкес тауарлы балық өсіру, егін шаруашылығы, мал бордақылау орындарын ашу және ет,сүт өнімдерін өндіру орталықтарын ашу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Биылғы жылы егін шаруашылығымен айналысуға мүмкіндігі бар 11 ауылдық округ белгіленген болса, Бөген ауылдық округінде 10 гектар жерге бақша дақылдарын егу жоспарлануда.
Сонымен қатар, ауылдық округте жаңа амбулатория ғимараты салу денсаулық сақтау басқармасы арқылы жоспарланып жатқанын, жеке кәсіпкер тарапынан балабақша ғимаратының құрылысы басталғанын және ауылдық клуб құрылысы жобасының сараптамаға ұсынылғанын айтты.
Бұл нысандарға қатысты қаржы мәселесі шешімін тапса құрылыстар ыбасталатын болады.
Бөген елді мекенінің тұрғындары ауыл көшесіне түнгі жарықтандыру орнату және ауыл маңындағы «Тұщыкөл», «Сарытерең» көлдерін суландыру мен каналдардың арнасын тазалауды ұсынды.
Көшелерді түнгі жарықтандыру мәселесі шешімін табатындығын айтқан аудан басшысы Сырдария өзені бойындағы сең өткен соң «Ақлақ» тоспасы жабылғасын ауыл маңындағы көлдерге су түсетіндігін түсіндірді.
Қарашалаң елді мекенінің халқы жол мәселесі, ауыл көшелерін жарықтандыру, электр қуатын арттыру үшін қосымша трансформатор орнатуды сұрады.
Аудан басшысы өткен жылы құрылысы басталған «Бөген-Ақлақ» автожолының қаржысы бөлінген соң жол салу жұмыстары жалғасатындығын айтып, ауыл көшелеріне жарықшамдарды орталық және әлеуметтік нысандарға барар жолдарға орнату қажеттігін айтты. Сонымен қатар, электр торабын тарату мекемесінің басшысына ток куатын арттыру үшін қосымша трансформатор орнату жолдарын қарастыруды тапсырды.
Екі елді мекенде өткен кездесуде де көтерілген мәселе шаруа қожалықтарының иелігіне берілген жерлерге бақылау орнату үшін арнайы жұмысшы тобы құрылып, толықтай зерттелетін болды.


Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

17 наурыз 2022 ж. 468 0